Облыстың кәсіпкерлері Оңтүстік Азия елдеріне сапарлатып қайтты

Шетелдік инвесторлардың көмегімен кәсіпкерлікті дамытамыз. Мамыр айының басында Оңтүстіктің бизнесмендері Малайзия, Индонезия және Оңтүстік Корея мемлекеттеріне арнайы іс-сапармен барып қайтты. Төрт жақты келісім барысында 19 ортақ жобаға қол қойылып, келісімдер жасалды.

 

 

Оңтүстік өңірі индустрияландыру бағдарламасы бойынша келесі 5 жылдықты фармацевтика саласына бағыттайды. Бұл саланың дамып-өркендеуіне Кореяның түстік аймағы да қызығушылық танытқан. Өйткені, республикаға шығатын дәрі-дәрмектің 50 пайыздайы бізден өндіріледі. Демек, облыста фарм кластерін дамытуға толық мүмкіндік бар.

Сапарбек Тұяқбаев, облыс әкімінің орынбасары: «Елдегі ең басты фармацевтикалық академия осы жерде орналасқан. Сол себепті келесі бес жылдықты біз фармацевтика кластерін құруға арнап отырмыз. Оңтүстік Кореяның компаниялары да мұны бағалап, келісімге келіп, қызығушылық танытып отыр. Қазір осы салада біз 4-5 жобаны іске асыратын боламыз. Бұл – тек қана кореялық компаниялармен жүзеге асатыны ғана».

Үш мемлекетке жасалған іс-сапар барысында 19 ірі жобаның келісімі түйінделді. Олар – мал шаруашылығы, туризм, азық-түлік өндірісі, машина құрастыру, фармацевтика мен құрылыс салаларындағы ілкімді істер болмақ. Малайзия, Индонезия және оңтүстіккореялық кәсіпкерлермен болған жүздесуден үлкен әсермен оралған біздің бизнесмендер де біріге жұмыс жасауға құмартып отыр.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=r-r5jUxsf2g[/youtube]

Жарас Ертаев, кәсіпкер: «Менің өзімнің бір байқағаным, Малайзияда тамақ өнімдері, балық өнімдері көп екен. Біздің қара мал еті, қой еті, жылқы еті оларда аздау болады екен. Сол жағы қызықтырып отыр. Оларға біздің өнімдерімізді шығару үшін бізде «Халал орталығын» ашу керек екен. Қазір осы проблеманы шешу үшін малайлық әріптестермен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жақында өңірімізге келеді. Сонда біршама істің басын қайырамыз деп ойлаймын. Өйткені, біз халал сертификатын алмасақ, шетелге өнімімізді сата алмаймыз.»

Шағын және орта кәсіпті дамытуға бағытталған бұл іс-сапар екінші рет ұйымдастырылды. Былтыр да Оңтүстіктен аттанған бизнесмендер делегациясы Германия, Швейцария, Италия, Ресейдің үш облысы мен Өзбекстанға барып қайтқан болатын. Ол кезде 29 жоба бойынша меморандумға қол қойылса, соның бүгінде 5-уі нақты іске асыпты.