«Разнарядкада» жоқ болса да жазыламыз»

Төлебилік оқырмандар осылай деп көңілді көтеріп қойды. Ақжарқын ауыл адамдарына арнайы барып, газетімізді ұсына отырып, алдағы кезде қандай тақырыптарды қамтығанымыз жөн екенін ортаға салып, ақылдасып қайтқан жайымыз бар. Айта кету керек, оқырмандармен көзбе-көз кездесіп, жазылушылар күнін ұйымдастыруға Халыққа қызмет көрсету орталығы Төлеби аудандық бөлімінің басшысы Төлеген Құралбаев үлкен көмегін тигізді.

22-001

Орталықтан арнайы орын беріп, түрлі құжаттар алуға келіп жатқан жұртпен етене кездесуімізге жағдай жасады.

Төлеген Әміртайұлының айтуынша, орталықта халыққа қажетті барлық құжат түрлері бойынша кеңес, анықтама беріледі екен. Одан бөлек әр 15 күнде шалғай ауылдарды аралап, орталыққа жете алмайтын азаматтарға қызмет көрсетуге ыңғайлы мобильдік қызмет те ел игілігі үшін іске асып тұр.

Күніне 500-600 адам түрлі деңгейдегі анықтама қағазын алуға келетін орталықта дүйсенбі күні, яғни біз өз оқырмандарымызбен кездесуге келген күні де халық нөпірі мол болды.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=VuOeH6XxNCw[/youtube]

Сұлухан ТҰРАШЕВА, «1-мамыр» пошта бөлімінің басшысы:

– Менің бұл қызметке тұрғаныма да көп уақыт бола қойған жоқ. Дегенмен, бір байқағаным ел «Оңтүстік Рабатты» көп іздейді екен. Содан да болар, өткен аптада бізге келіп жазылған бірқатар оқырмандардың талап-тілегін, өтінішін арқалап келіп отырмын сіздерге. Соңғы күндері қос басылымға жалпы алғанда біздің ауылда 57 азамат жазылыпты, соның түбіртектерін әкелдім.

«Рабат», «Оңтүстік Рабат» газеттерін біздің ауданда оқитын оқырман көп, -дейді Төлеби АПБ жазылушылар бөлімінің операторы Әсия Жиенқұлова.- Әсіресе керек кеңестеріңізбен, қажетті телефон анықтамалығына қызығатындары бар. Сонымен қатар сіздердің газеттеріңізде оқиға, болған жиналыстар боямасыз, нақты фактіні жеткізумен ерекшеленеді. Халыққа керегі де сол. Болғанды болды деп оқығанды жөн санайды. Бұған дейінгі мәлімет бойынша біздің ауданда «Рабат» газетін – 476, «Оңтүстік Рабат» газетін 186 азамат жазылған. Бұл мәлімет әлі де толыға түсетініне үміттіміз.

Түске дейінгі созылған аралықта көптеген оқырман алдағы кезде газетімізде қандай тақырыптардың көрініс тапқанын қалайтындықтарын айтты. Бірі әлеуметтік төлемдер жайын сұраса, енді бірі тылсым дүниеге қызығатынын жеткізді. Ең бастысы жастарға тәрбиелік мәні бар дүниелерді, имандылық тұрғысындағы мақалаларды жиі жариялауды өтінді.

22-002

«Көп мекеме ұйымдарда мерзімді басылымға екінші жарты жылдыққа жазылу ісі аяқталып та қалған. Әсіресе бюджеттік мекемелерді «разнарядкамен» жаздыртатыны бар. Ал сіздердің басылымдарыңыз разнарядкада неге жоқ?» деген сауалды көлденең тартқан оқырмандар да кездесті. Осы аралықта «разнарядкіде» жоқ болса да нақ осы газетке жазыламын» деген алғашқы жазылушы да табылды. Онымен таныса кеттік. Тасарық ауылының тұрғыны Айдар Тастанов газет жайлы пікірін жеткізді. Іле-шала Айдар бауырымыздан соң Еркін Танашев атты азамат келіп, «Оңтүстік Рабат» газетіне жазылуға келдім. Үйдегілер қызыға оқитын басылымды үзбей алдыртып тұрамыз», – деді.

Айдар ТАСТАНОВ, аудандық кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының басшысы:

– Мен бұл газетті екі жылдан бері үзбей оқимын. Ауылға, Тасарық ауылына әдейі жаздыртып алғанмын. Үйдегілер де қызыға оқиды. Өзім кәсіпкерлік саласында болғандықтан, әсіресе кәсіпкерлерге берілетін жеңілдіктер мен жаңалықтар қызықтырады. Ол сіздердің газеттеріңізде ұдайы көрініс тауып жатады. Сол үшін де бүгін сіздердің осында жазылушылар күнін ұйымдастырып жатқандарыңызды естіп, арнайы келіп жазылып отырмын.

Шынын айту керек, төлебилік ағайын газетімізге жазылуда аса белсенділік танытпаса да біз ауыл тұрғындарының пейіліне, ынтасына, ықыласына риза болып қайттық. Тұрмыстың тауқыметіне қарамастан рухани азықтан қол үзгісі келмейтіндер аз емес. Солардың ынтасын көрдік. Ал оқырмандармен бетпе-бет мұндай кездесулер алдағы кезде өзге аудандарда да өз жалғасын табатын болады.

Суретті түсірген – Әйгерім Бегімбет