Жаңалықтар 

Сапалы профильдер жасайтын зауыт іске қосылды

Шымкентте есік-терезе профильдерін шығаратын жаңа зауыт іске қосылды. Мұнда өндірілетін өнімнің ерекшелігі сол — ПВХ профильдерінің сапасы шетелдікінен кем түспейді.

ПВХ профиль

Сапасы жағынан шетелдің кез келген ПВХ профилімен бәске түсетін өнім неміс тауарының құнымен салыстырғанда 15-20 пайызға арзан. Есік-терезе, витраждардың толыққанды жиынтығын шығаратын мекеме, әсіресе, сапаға көңіл бөлген. Арнайы зертхана тауар құрамын үнемі бақылауда ұстап, жіті қадағалайды екен.

ПВХ профиль

Бақыт Махамбетова, зауыттың зертхана меңгерушісі: «Өзіміздің арнайы тоңазытқышымыз бар. Соған өнімді салып, оның температурасын -45, -55 градусқа дейін төмендетіп, тексереміз. Сонымен қатар оның ыстыққа төзімділігін тексереміз. 100 градус ыстықта профильдердің төзімділігі тексеріліп, оның қалпын жоғалтпайтыны, тығыздығының сол қалпында қалатыны да тексеріледі.»

ПВХ профиль

Шымкенттен бөлек республиканың 5 облысын пластикалық профильмен қамтып отырған серіктестік республикадағы ең ірі зауыттардың бірі саналады. Осыған қарағанда құрылысы қарқын алған Оңтүстік өңірі үшін аталмыш зауыттың көмегі көп болайын деп тұр. Үшінші мегаполиске айналар Шымқалада көпқабатты үйдің саны биыл екі есеге артпақ.

ПВХ профиль

Сапарбек Тұяқбаев, облыс әкімінің орынбасары: «Осы күнге дейін бұл өнімдердің бәрін Алматыдан әкелетін едік. ОҚО-да құрылысқа сұраныс өте жоғары. Тек қана өткен жылдың өзінде 49 үйдің құрылысын бастадық. Биыл тағы сонша құрылыс бастап отырмыз. Сол себепті құрылыс материалдарына, осында шығарылатын өнімдерге деген сұраныс өте жоғары.»

ПВХ профиль

Зауыттың  жаңа мамандарды дайындайтын арнайы оқу орталығы да бар. Серіктестік ұжымы әрі біліктілікті арттыру үшін, әрі тауарды сатудың оңтайлы әдісі ретінде жас мамандарды тегін оқытуды қолға алған. Бұл дегеніңіз — орталықтан білімін жетілдірген кәнігі маман кейін кәсіпкерге де айнала алады деген сөз.

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz