Жетісайда жаңа мектеп пен балабақша ашылды

1193
"Алпамыс" балабақшасы

Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы, Жетiсай қаласында 140 орындық жаңа балабақша пайдалануға берiлдi. Бұл – осы аудандағы мемлекеттiк негiзде ашылып отырған 34-бөбекжай. Ауданда соңғы төрт жылда «Балапан» бағдарламасы аясында 19460 бала мектепке дейiнгi тәрбиемен қамтылып, барлығы 164 балабақша ашылды.

"Алпамыс" балабақшасы
«Алпамыс» балабақшасы

2010 жылы ауданда небәрi 29 балабақшада 2775 бала тәрбие алса, бүгiнгi күнi бөбекжаймен қамту көрсеткiшi 77,4 пайызды құрап отыр. Соған қарамастан соңғы кезде шаңырақ көтерген «Самал» шағынауданында балабақшаға сұраныс жоғары. Осы жағдайды ескерген аудан әкiмдігi бюджеттен 298 миллион теңге қаржы бөлдiрiп, жаңа ғимараттың ашылуына ұйытқы болды. Салтанатты ашылу рәсiмiнде сөз сөйлеген аудан әкімі балалар үшiн барлық қолайлы жағдайлар жасалған балабақша ұжымы мен ауыл тұрғындарын құттықтады.

Бұған қоса осындағы Ш.Дiлдәбеков ауыл округi, Жеңiс елдiмекенiнде 200 орындық Қ.Дәрiмбаев атындағы жаңа мектеп пайдалануға берілді. Білім ошағының ашылу рәсiмiне қатысқан аудан әкiмi С. Тұрбеков ауданда бүгінгі күнге дейiн 123 мектептiң 85-i жаңа типтiк мектеп екенін айтты.

Бұдан басқа жыл соңына дейiн 12 мектеп салынады екен. Оның iшiнде ауданның өз бюджетi есебiнен бiр мектеп бой көтередi. Ал соңғы төрт жылда ауданда 34 мектеп iске қосылған. Аудан әкiмдiгi атынан бiлiм ұясына компьютер және теледидар тарту етілдi.

Салтанатты жиынға арнайы келген мәртебелi қонақтар – ҚР сенатының депутаттары О.Рахманбердиев, Қ.Айтаханов, Еуразия университетiнiң профессоры, академик Мұхамедкәрiм Құрманов, Астана медицина университетiнiң кафедра меңгерушiсi, медицина ғылымдарының докторы, профессор Гүлнар Батпенова, белгiлi сатирик-ақын Көпен Әмiрбек, филилогия ғылымдарының докторы, профессор, әдебиет сыншысы, жазушы-ғалым Құлбек Ергөбек мектептің ашылуна қатысты құттықтау сөз сөйледi.

Дереккөз: Мақтаарал ауданы әкімі аппаратының баспасөз қызметі