Жаңалықтар 

Қош келдің, Рамазан!

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өңіріміздегі өкілдігі жыл сайын дәстүрлі түрде дәл осы тақырыпта салтанатты шара ұйымдастырады. Шараның негізгі мақсаты – өскелең жастарды түрлі кереғар ағымдардан, жат қылықтардан сақтануға шақыра отырып, бауырмалдыққа, имандылыққа, сабырлыққа, адамгершілікке, отанды сүюге үйрету. Облыстық қазақ драма театрының ғимаратында өткен салтанатты жиынға имамдар мен қатар жергілікті билік өкілдері, әсіресе, жастар мол жиналды.

Айлардың сұлтаны Рамазан айы жақындап қалды. Санаулы күнді артқа тастасақ, күллі мұсылман қауымы ауыз бекітіп, Ораза ұстайды. Ынтымақ пен бірліктің символына айналған Рамазан айын Оңтүстік жұртшылығы ынта-шынтасымен күтуде. Шара барысында белгілі болғандай өңірде Рамазан айының 30 күніне түрлі атау беріп, игі істер атқарылмақ.

Бейбіт Мырзагелдиев, ҚМДБ-ның Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы: “Адам баласын құлшылық ету үшін жаратқан Алла Тағала сол құлшылықтың уақыты мен үлгісін деп белгілеп берген. Рамазан айының дінімізде өте үлкен маңызы әрі өзге айлардың арасында алатын орны бар. Сондықтан біздің облыс биыл оразаның 30 күніне атау қойып, түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Мысалы үшін – ата-ана алдындағы парыз. Бұл күні ата-аналарға құрмет көрсетіледі. Қайырымдылық акциялары жүргізіледі.”

Айта өтейік, облыс бойынша 771 мешіт бар болса, сонда бір мың бір жүз имам жұмыс істейді. Рамазан айында барлық мешіттің есіктері айқара ашық болып, құлшылық етушілер үшін қызмет етеді. Ауызашар беріліп, қайрымдылық шаралары өтеді. Шымкенттегі “Абдул Хамид Қаттани” мешітінің бас имамы Бақдәулет Әбдірахманов жамағат болып, мешітте тарауих намазын оқуға шақырды.

Бақдәулет Әбдірахманов, “Абдул Хамид Қаттани” мешітінің бас имамы: “Рамазан айында әрбір мұсылман Алла тағаланың разылығы үшін Ораза ұстайды. Шын мәнінде бұл айда Ораза ұстаушының сауабының өлшеусіз болатыны анық. Бұл жөнінде құдси хадисте Алла тағала “Пенденің барлық ізгі амалдары өзі үшін, ал Ораза мен үшін. Сондықтан оның сауабын өзім беремін” деген.”

Салтанатты іс-шараның соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Жиналған жамағатқа ораза тұту кестесі таратылды. Айтпақшы, биыл пітір садақа адам басына еліміз бойынша 200 теңге болып бекітілді. Ал Рамазан айының бірінші күні-28-маусымға түсіп тұр.

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz