Жаңалықтар 

«Әйелдерде жауапкершілік жоқ»

26-016Мамандар осылай деп дабыл қағады. Себебі, жатыр мойны обырына шалдыққан әйелдердің саны жыл санап артып барады. Қатерлі ісікпен елімізде жыл сайын 1500 әйел тіркеуге алынса, 650-ге жуық қыз-келіншек осы дерттен көз жұмады екен. Егер жағдай өзгермесе әйелдердің 50 пайызының ажалы жатыр мойны обырынан болады. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі таратқан мәлімет осындай.

Жатыр мойнының обыры дегеніміз – жатыр мойнында пайда болған қатерлі ісік. Ол жыныс жолдары арқылы (тек жыныстық қатынастар арқылы ғана емес) берілетін адам папилломасы вирусынан пайда болады. Қазіргі кезде адам папилломасы вирусының 100-ден аса түрі бар. Оның екі – 16-шы және 18-ші түрі жатыр мойны қатерлі ісігіне 70% себепкер болады.

Дәрігерлердің айтуынша, обырдың бұл түрі жыныстық қатынасты 18 жасқа толмай бастағандарда, темекі шегетін әйелдерде, 18 жасқа толмай тұрып немесе 40 жастан асқаннан кейін бала туғандарда, 50 жастан асқандарда, жыныстық гигиенаны сақтамайтындарда, төсектестерді жиі алмастыратын келіншектерде көп кездеседі. Дертті дер кезінде анықтап, ем-дом жасалмаса соңы қайғылы аяқталады. Осы ретте мамандар жылына бір рет міндетті түрде дәрігерге қаралу керектігін ескертеді.

– Кез келген әйел ауру белгі бермесе де жылына бір рет міндетті түрде онкогинекологқа қаралуы тиіс. Егер келіншектердің барлығы өз денсаулығына жауапкершілікпен қараса, обырдың алдын алуға болар еді. Өкініштісі сол, әйелдер өз денсаулығына немқұрайлы қарап, дәрігерге өте кеш келеді, – дейді облыстық онкологиялық аурулар ауруханасының онкогинекологы Бағдат Орманов. Сонымен қатар, маман қатерлі ісіктің жас қыз-келіншектердің арасында дендеп бара жатқанына алаңдайды.

26-017

– Өкінішке қарай, аурудың өзге түрлері сияқты жатыр мойнының қатерлі ісігі де бүгінде жасарып барады. Мәселен, бұрын рактың бұл түрі 35-55 жас шамасындағы әйелдер арасында кездессе, қазір 17-25 жас аралығындағылар да осы дертке шалдығуда.

Айта кетейік, облыс бойынша былтыр осы диагнозбен тіркеуге алынған 134 науқастың ең жасы 3 жаста екен. Ал, тіркеуде тұрғандардың жалпы саны 900-ден асып жығылады. Бұл әрине алаңдарлық жағдай. Осы ретте мамандар, бұл ауру асқынбас үшін мектеп жасындағы қыздарға адам папилломасы вирусына қарсы вакцина егу керек екенін алға тартады. Бұл вакцина жатыр мойны обырын тудыратын 16-шы және 18-ші түрінен қорғағанмен, басқа түрлерінен қорғауға қауқарсыз. Сондықтан әйелдердің үнемі скринингтік тексерулерден өтіп тұрғандары дұрыс.

Егер нақты бағдарламалар мен шаралар іске асырылса, жатыр мойны обырымен ауыратын 100 әйелдің 30-ы бұл дерттен айығып кетуге мүмкіндігі бар.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz