Жаңалықтар 

«20 000 баланың кіндік шешесімін»

«Әйелдің бір өлімі баладан» дейді дана халқымыз. Бұлай деуінің себебі, босана алмай бала үстінде көз жұматын әйелдер аз емес. Осындайда әйелдің қысылған жаны мен толғағын жеңілдетіп, аман-есен босануына көмек қолын созатын жанның бірі – акушер-гинекологтар. Облыстық №1 перинаталдық орталықта акушер-гинеколог болып еңбек ететін Перизат Әмірова – саналы ғұмырын медицина саласына арнаған білікті маманның бірі.

26-018

Он бір жылдан бері медицинаның ең қиын саласының бір тізгінін ұстаған Перизат Әмірова осы уақыт аралығында 20 мыңға жуық баланың кіндік шешесі атанған. Маман осы саланы таңдағаны үшін еш өкінбейтінін айтады.

«Біздің перзентханада күнделікті 30-35 әйел босанады. Соның жартысынан көбін өзім босандырамын. Бір әйелдердің толғағы жеңіл келсе, енді бірінің жаны қиналады. Солардың толғағын жеңілдетіп аман-есен босануына бар күш-жігерімді саламын. Бұл ғажайып, ұмытылмайтын сәт. Өйткені көз алдыңда жаңа өмір келіп жатады»,-дейді маман.

Бірнеше жылдық еңбек тәжірибесі мен босандырудың озық тәсілдерін қолдана отырып, әйелдерді аман-есен босандырған Перизат Тимабайқызы үшін бұл мамандық шығармашылық жұмыс секілді. Оның айтуынша, босанатын әр әйелдің денсаулығы әртүрлі деңгейде, толғағында да ұқса­майтын сәттер болады. Сондықтан әр әйелмен бірге жаны қысылып, толғатқандай күй кешеді екен.

«Әйелді босандырып алған соң сенің де иығыңнан жүк түскендей жеңілдейсің, қуанасың, ана мен баланы көргендегі сезімді қалай жеткізейін. Екеуінің аман-есен екенін көргенде қорыққаның, уайымың бәрі бір сәтте ұмытылады», – деп сыр шертеді білікті дәрігер. Бірақ Перизат Әмірованың тәжірибесінде де ана мен баланы дәрігерлердің сақтай алмаған сәттері де болған екен.

– Баласын өлі туған ананы дәрігер ретінде жұбатасың, бірақ өзімнің көзім жасқа толып тұрады. «Неге бұлай болды?» деп, күндіз-түні өзіңе маза бермейсің. Кейде «дәрігерлердің өлімге денесі үйре­ніп кеткен» дейтіндер кездеседі. Жоқ, олай емес, өлімнің аты өлім. Қабырғаңды қайыстырады. Ал, ана мен нәрестенің өлімі екі есе қорқынышты, екі есе қиын.

Бұл мамандығын сүйетін дәрігердің ғана емес, жоғары адамгершілік иесінің лебізі.

Перизат Тимабайқызы аяулы жар, ардақты ана. Әйел бақыты не екенін жақсы түсінеді. Бүгінде өзі қызмет ететін ауруханадағы беделді мамандардың бірі. Талай жанның өмірге келуіне мұрындық болған абзал жан.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz