Жаңалықтар 

2017 жылы Оңтүстікте апатты мектеп болмайды

«2017 жылға дейін ОҚО-да апатты мектеп болмайды. Оқушылар үш ауысымда оқымайды.» Бұлай деп Қазақстан республикасының білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов мәлімдеді. Өңірімізге арнайы іс-сапармен келген еліміздің бас мұғалімі апатты мектептерді өзі аралап көрді. Сондай-ақ, дуальды оқыту жүйесінің Оңтүстіктегі барысын бағамдады. Сайрам тұрғын үй массивіндегі сыйымдылығы 500 орынды балабақшаны салтанатты түрде ашып берді.

Білім министрі бірінші болып, апатты мектеппен танысты
Білім министрі бірінші болып апатты мектеппен танысты

Шымкентте бес апатты мектеп бар. Тағы екеуінің «апатты» деген құжаты рәсімделуде. Оңтүстікке арнайы іс-сапармен келген білім министрі биыл қала аумағына қосылған Сайрам тұрғын үй массивінде орналасқан апатты мектепке арнайы барды.

Б.Садыков атындағы № 112 мектеп 1947 жылы салынған. Сол кездегі колхоз ғимараттары, ауыл клубы болыпты. Бертін келе 120 бала оқитын мектепке айналған. Саз-балшықтан салынған оқу ордасы бүгінгі таңда апатты халде тұрса да 400 оқушыға үш ауысымда білім береді. Мектеп басшысы оқушыларды кабинеттерге сыйғыза алмай, қатты қиналып отырғандарын жеткізді.

Бас мұғалімнің көзіне ерсі көрінген парта мен тақта
Бас мұғалімнің көзіне ерсі көрінгені — парта мен тақта болды

Оның үстіне апатты деп танылған мектептің асханасы мен акт залы мүлдем жоқ. Стандартқа сай емес. Сол үшін соңғы 2-3 жылдан бері жаңа мектеп сұрап, шырылдап жүргенін айтты. Айтпақшы, бұл мектепке осыдан екі жыл бұрын премьер-министрдің өзі келіпті. Содан соң қаржы қаралып, жөндеу жүргізілген. Көгілдір отын тартылып, жылу кіргізілген. Ол үшін облыстық бюджеттен 28 миллион теңге бөлініпті. Десе де, ескі мектепті жамау есті шығарған.

Білім министрінің өзі танысып, апатты мектепті асықпай аралап шықты. Көзіне ескі парта мен тақта ерсі көрінсе керек, жергілікті билікке өтініш жасады. «Тым құрығанда тақтасына қаржы бөліңіздерші» деген министр алдағы уақытта жаңа мектеп салынады деп кетті. «Оңтүстікте, менің білуімше, 28 апатты мектеп, 40-қа жуық үш ауысымдағы мектеп бар. Біз облыс әкімдігімен үш жылдық меморандумға қол қойдық. Сол үш жылдың ішінде бұл мәселелерді шешетін боламыз. Апатты мектептердің мәселесі 2017 жылы толық шешіледі» деді министр.

Еліміздің бас мұғалімі «Балапан» бағдарламасы аясында салынып жатқан балабақшаларға да бас сұқты. Солардың бірі — 500 бүлдіршінге арналған жекеменшік «Бәйтерек» балабақшасын салтанатты түрде ашып берді. Балдырғандардың өнерін тамашалады. Заманауи үлгіде салынған бақшаның ішін аралады. Ата-аналардың қуанышымен бөлісті. Сондай-ақ, Сайрамдағы мың балаға арналып салынған «Астана» балабақшасына да соға кетті. Сыйымдылығы қызықтырса керек, бірнеше ғимараттан тұратын бақшаның тәрбиеленушілерімен тілдесіп, балдырғандармен жүздесті.

Аслан Сәрінжіпов, ҚР білім және ғылым министрі: «Оңтүстікте демографияның өсіміне байланысты мың, бес жүз орындық балабақшалар әлі де салу керек. Бүгін облыс бойынша сәбилердің 67 пайызы балабақшаға барады. Бірақ, жоспарымыз бойынша 1-2 жылдың ішінде бұл көрсеткіш 75 пайызға жетуі керек. Қазақстанда дуальды оқыту жүйесі арқылы колледждердің 25 пайызы білім береді. Бірақ, ол көрсеткішті 50 пайызға жеткізуіміз керек.» Сол тәжірибелерді үйреніп, басқа жерлерге енгізуіміз керек.»

Білім және ғылым министрі дуальды оқыту жүйесінде назардан тыс қалдырмады. Шымкенттегі инновациялық-технологиялық колледждің жаңа жүйе бойынша жасап жатқан жұмысымен танысты. Сұранысқа ие техникалық мамандар даярлайтын колледжде дуальды оқыту жолға қойылған. Биыл осы жүйе арқылы білім алған студенттердің алғашқы легі диплом алып, жұмыспен қамтылады деп жоспарланып қойыпты.

Мемлекеттік бағдарламалардың Оңтүстікте оңды орындалып жатқанынынан хабардар болған білім министрі шешімін таппай жатқан кейбір мәселелердің соңғы үш жылда түйіні шешіледі деп сендірді. Түске дейін білім нысандарын аралап шыққан Аслан Сәрінжіпов түстен кейін ОҚМУ-да орналасқан ҰБТ тест тапсыру пунктінің жабдықталуымен танысты. Оңтүстіктегі ордалы оқу ордасында «Болашақ» бағдарламасымен оқуға аттанғалы отырған студенттермен кездесті.

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz