Жаңалықтар 

Аула клубтарының халі қандай?

Бала тәрбиесі қай кезде де өзекті. Әсіресе, оқушылардың мектептен тыс уақытын тиімді өткізуіне аула клубтарының тигізетін ықпалы зор. Өйткені, аула клубтары – балалардың бейiмдiлігін аша түсiп, жан-жақты дамуға, ересектерге жалтақтамай шешiм қабылдауға, ой-пiкiрiн қалыптастыруға, ұштауға мүмкiндiк бередi, iзденiмпаздыққа үйретеді. Осы орайда Шымқалада қанша аула клубы бар? Олардың бүгінгі халі қандай? Бізді қызықтырған сауалдар осы еді. Көкейдегі сауалдарға жауап алу үшін біз Шымкент қалалық білім бөлімінің жауапты маманы Айнұр Оразбаеваға хабарластық.

24-024

Білім бөлімі маманының айтуынша, бүгінгі таңда Шымкентте балалардың сабақтан тыс бос уақыттарын тиімді өткізуіне арналған аулалық клубтардың саны – 16. Олар қала әкімдігінің білім бөлімінің құзырында. Бұл аула клубтарының әрқайсысы жасөспірімдер мен жастардың қызығушылығына сәйкес спорттық, тәрбиелік-ағартушылық, спорттық-эстетикалық бағыттағы үйірмелері бойынша жұмыс жасайды. Бүгінгі таңда бұл орталықтарға 2880 бала жұмылдырылған.

– Аула клубтары жасөспiрiм-дердiң бос уақытын тиiмдi өткiзуге бағытталған әлеуметтiк маңызды жоба болып табылады. Баланың қызығушылығына, икемiне қарай жаңа қыры ашылып, өмiрлiк жолын анықтауға да аула клубтары септiгiн тигiзедi. Өз ортасында жүрген баланың жауапкершiлiгi де артады. Баланың тұлға ретiнде қалыптасуына мектептен бөлек өз достарының ықпалы күштi,-дейді маман.

24-023

Өкініштісі сол, балалардың бос уақытын тиiмдi ұйымдастыруда бiрден-бiр тәрбие көзi болып саналатын аула клубтарының қордаланған мәселелері де жоқ емес. Бірінде арнайы ғимарат болмаса, енді бірі техникалық-материалдық жағынан әлсiз. Десек те, ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң бастамасымен аула клубтары қайта қолға алынуда. Сондай клубтардың бірі — «Алпамыс». Кеше ғана апатты деп танылған «Алпамыс» аула клубы бүгін адам танымастай өзгерген. Мұнда күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліпті. Айта кетейік, бұған дейін спорттық бағытта жұмыс жасаған орталық өз бағытын ауыстырған. Қазір мұнда музыка, вокал, би залы ашылып, қолөнершiлер мен суретшiлерге де арнайы бөлме бөлiнген. Былтырғы жылы жағдайы мүшкіл болған «Жастық» аула клубы да жөндеуден өткен соң жанданыпты.

Айнұр Оразбаеваның айтуынша, аула клубтарында балалардың түрлі үйірмелерге қатысып, халық биімен, театр өнері­мен, домбырамен, еркін күреспен және т.б. спорт түрлерімен айналысуларына барлық жағдай жасалған. Сондай ақ, осындай клуб тәрбиеленушілерінің қатысуымен қалалық деңгейде дәстүрлі түрде көптеген мәдени-бұқаралық, спорт­тық іс-шаралар өткізіліп келеді.

24-022

– Алғашында аула клубтарының жұмысына жатырқай қараған қала тұрғындары бүгiнде белсендiлiк танытып, клуб жұмыстарын жақсартуға да атсалысуда. Сабақтан қолы қалт етсе осында келіп, уақыттарын тиімді өткізеді. Олар клуб әкiмшiлiгi мен оқытушылардың, психолог маманның жіті қадағалауында болады.

Жалпы, бөлім алдағы уақытта тағы да бірнеше аула клубын ашуды жоспарлап отыр. Ол үшін құжаттар рәсімделіп, жұмыстар да жүргізілуде. Енді жоспарлы дүние тез арада жүзеге асады деп сенейік.

Айжан Ермекқызы

Қаладағы аула клубтарының тізімі

1. «Балдәурен» аула клубы. №89 орта мектептің ғимаратында. Бейнелеу, шахмат, шебер қолдар, хореография, вокал сынды үйірме түрлері бар.

2. «Балауса» аула клубы. №90 орта мектептің базасында. Домбыра, аккордеон, қобыз сынды мәдени үйірмелері жұмыс істейді.

3. «Балалық» аула клубы. №61 орта мектептің базасында. Домбыра секциясы жұмыс істейді.

4. «Алпамыс» аула клубы. Қабанбай батыр даңғылы №10 үйде орналасқан. Мұнда қолөнер, тәрбие – спорт бағытында жұмыс істейді.

5. «Чайка» аула клубы. №4 орта мектептің ғимаратында орналасқан. Клуб тәрбие – ағарту бағытында жұмыс істейді.

6. «Бәйшешек» аула клубы. «Фосфоршылар» мәдениет сарайында орналасқан. Шығармашылық бағытта жұмыс істейді.

7. «Жастық» аула клубы. Сайрам шағынауданы, №6 үйде орналасқан. Клубта компьютер, ағылшын тілі, спорт, қолөнер үйірмелері бар.

8. «Сенім» аула клубы. №33 орта мектептің ғимаратында орналасқан. Спорт және мәдени-ағарту бағытында жұмыс ісейді.

9. «Өркен» аула клубы. Төлеби көшесі №4 үйдің 3 қабатында орналасқан. Мұнда ағылшын тілі және қолөнер секциялары бар.

10. «Денсаулық» аула клубы. №65 жалпы орта мектептің ғимаратында орналасқан. Клубта спорт секциясы жұмыс істейді.

11. «АРТ-Шайн» аула клубы. №6 орта мектептің ғимаратында орналасқан. Мұнда сәндік өнер, қолөнер, бейнелеу өнері, ағаш өңдеу, компьютерлік графика, би үйірмелері жұмыс істейді.

12. «Шұғыла» аула клубы. М.Маметова көшесі №5 үйде орналасқан. Бейнелеу өнері, жас домбырашы, жас эколог, жас әнші, би, шахмат, бокс, компьютерлік графика, киім дизайны, шебер қолдар секциялары бар.

13. «Өнер қырандары» аула клубы. Тельман елдімекенінде орналасқан. тәрбие – ағарту, спорт бағытында жұмыс істейді.

14. «Бәйшешек» аула клубы. Тұрлан елдімекенінде орналасқан. Мұнда компьютерлік графика, жас табиғатшы сияқты үйірмелер бар.

15. «Қиял әлемі» аула клубы. Қазығұрт елдімекенінде орналасқан. Бұл клубта домбыра, жас саяхатшы секциялары бойынша тәлім алуға болады.

16. «Фантазия» аула клубы. Балалар сурет мектебінің базасында жұмыс істейді.

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz