Баспана мәселесі бас қатырып тұр

Бүгінде бұл тақырып кімді болса да бей-жай қалдырмайды.
Халықты тұрғын үймен қамтуға арналған бағдарламалар жүзеге асқалы жұртшылық мемлекет тарапынан үйлі болудың жолдарын қарастыруда. Редакциямызға тұрғын үйге қол жеткізудің мүмкіндіктерін сұрап, хабарласатын оқырмандарымыз көп. Баспананың жайын сұраған көпшіліктің сұрақтарына Шымкент қаласы ТҮКШ тұрғын үй секторының меңгерушісі
Гүлнар Әшірбаевадан жауап алған болатынбыз.

 

Айсара ТӨРЕГЕЛДІҚЫЗЫ, қала тұрғыны

– Мен көп балалы анамын. Мемлекеттен жеңілдікпен үй алғым келеді. Қалай кезекке тұрамын? Қандай құжаттар жинауым қажет? Және маған қандай талаптар қойылады? Шарттарын түсіндірсеңіздер…

Жауап:

– Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 2,67,68,69,74 баптарының талаптарына сәйкес көпбалалы отбасы деп кәмелетке толмаған төрт және одан да көп балалары бар отбасыларды айтады. Сіз көпбалалы отбасы ретінде кезекке тіркелу үшін қаланың тұрғылықты тұрғыны болуыңыз, иелігіңізде соңғы 5 жыл көлемінде ел аумағында тұрғын үйіңіз тіркелмеуі, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына енуіңіз қажет.

Осы жағдайда барлық тиісті құжаттарыңызбен халыққа қызмет көрсету орталығына кезекке тіркелу үшін хабарласыңыз. Тиісті құжаттар тізімі келесідей:

1) есепке алу туралы жазылған өтiнiш;

2) өтiнiш берушi мен оның отбасы мүшелерiнiң жеке куәлiктерiнiң не паспорттарының көшiрмелерiн;

3) некеге тұру (бұзу), отбасы мүшелерiнiң қайтыс болуы, балалардың тууы туралы (болған жағдайда) куәлiгінің көшiрмесiн;

4) Әдiлет органының ҚР бойынша (өтiнiш берушiнiң және онымен ұдайы тұратын отбасы мүшелерiнiң меншiк құқығында оларға тиесiлi үй-жайдың жоқтығы туралы) анықтама; (соңғы 5 жылға)

5) басқа адамдар өтiнiш берушiнiң отбасының мүшесi деп танылған жағдайда өтiнiш берушiге оларды отбасы мүшесi деп тану туралы соттың шешiмiн ұсынады;

6) азаматтарды тiркеу кiтабының көшiрмесiн (құжатты салыстыру үшiн) не тиiстi елдi мекенде тұратынын растайтын анықтама бюросының анықтамасы;

7) өтiнiш берушiнiң (отбасының) азаматтардың осал тобына жататынын растайтын әлеуметтiк қорғау органының анықтамасын (Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі)

8) халықтың әлеуметтiк жағынан әлсіз топтарына жататын азаматтар (жетiм балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды және мүгедек балаларды қоспағанда) өтiнiш жасаудың алдында отбасының әрбiр мүшесiнiң соңғы он екi ай iшiнде табысы туралы қосымша мәлiмет тапсырады;

9) қажет болған жағдайда өтiнiш бiлдiрушi денсаулық сақтау мемлекеттiк мекемесiнен жанұяда аурудың ауыр түрiмен ауыратын азаматтың бар екендiгiн растайтын анықтамасын ұсынады;

Дина СЕЙІТОВА, жалғызбасты ана:

– Күйеуіммен заңды түрде ажырасқаныма 2 жылдан асып барады. Екі бірдей балам бар. Пәтер жалдап тұрамыз. Ай сайын төлейтін пәтерақы бізге әжептеуір салмақ салуда. Баспаналы болудың жолдары қандай?

Жауап:

– Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 67,74 баптарына сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй белгіленген тәртіппен кезек арқылы беріледі.

Осы Заңның 2 бабының талаптарына сәйкес толық емес отбасы деп кәмелетке толмаған балалары бар ажырасқан немесе асыраушысынан айырылған отбасыларды айтады.

Толық емес отбасы ретінде кезекке тіркелу үшін отбасыңызбен бірге қаланың тұрғылықты тұрғыны болуыңыз, иеліктеріңізде соңғы 5 жыл көлемінде Қазақстан Республикасы аумағында тұрғын үйіңіз болмауы, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына енуіңіз қажет. Осы жағдайда халыққа қызмет көрсету орталықтарына тиісті құжаттарды тапсырып, кезекке тұруға мүмкіндігіңіз бар.

Оразгелді ДОСАНОВ, зейнеткер:

– Жақында жұбайым өмірден озды. Кіші ұлыммен бірге тұрамын. Айналдырған екі бөлмелі пәтерде бала-шағамызбен 6 адам тұрамыз. Баспанамызды кеңейтуімізге мүмкіндік бар ма? Зейнеткерлердің мемлекет тарапынан пәтер алуына қандай жағдай жасалған?

Жауап:

– Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 67,68,69,74 баптарының талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасы аумағында соңғы бес жыл көлемінде иелігінде тұрғын үй тіркелмеген жасына қарай зейнеткерлер тұрғын үй алу тізіміне тіркелуге құқылы.

Өкінішке орай, жоғарыда аталған Заңның талаптарында «пәтерді кеңейту» ұғымы көзделмеген. Алайда, Сіздің ұлыңыз жанұялы болса, кеңес алу үшін тұрғын үй секторына хабарласуы қажет. Мекен-жайы: Республика даңғылы 6а үй, 5 бөлме.

Болат ЖАРАСОВ, қала тұрғыны:

– Жасым – 23-те. Үйленуге шешім қабылдай алмай жүрмін. Себебі, басымда баспанам жоқ. Пәтер жалдаудың өз қиындықтары бар. Қалай үйлі бола аламын? Біз секілді жастарға қандай жеңілдіктер бар?

Жауап:

– «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы бірнеше бағыттарды қамтиды.

Бірінші бағыты бойынша жергілікті атқарушы органда кезекте тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамтуды көздейді. Бұл бағыт бойынша тұрғын үй алу тізіміне соңғы бес жыл көлемінде Қазақстан Республикасы аумағында тұрғын үй тіркелмеген, осы елді-мекенде тұрақты тұратын келесідей санаттарға енетін азаматтар кезек арқылы тұрғын үй алуға құқылы. Санаттар:

1) Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына;

1.1) ата-анасынан айырылған және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға;

2) халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына жататын азаматтарға;

3) мемлекеттік қызметшілерге, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне, әскери қызметшілерге және мемлекеттік сайланбалы қызмет атқаратын адамдарға;

4) жалғыз тұрғын үйі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен апатты жағдайда деп танылған Қазақстан Республикасы азаматтары.

Сіз осы талаптарға сай келсеңіз бағдарламаның бірінші бағыты бойынша тұрғын үймен қамтылуға мүмкіндігіңіз бар.

Бағдарламаның екінші бағыты «Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі» арқылы халықтың барлық санаттары жинақ банкісінің салымшысы және төлем қабiлетi болған жағдайда пәтер алуға құқылы. Ол жөнінде толық мәлімет алу үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен хабарласуыңыз қажет. Мекен-жайы: Рысқұлбеков көшесі №3Г үй.

Айсұлу БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ, мұғалім:

– Үш баланың анасымын. Қаладағы мектептердің бірінде жолдасым да мұғалім болып істейді. Үйленгелі пәтер жалдап тұрамыз. Жасымыз орта жасқа таяп қалды. Әлі басымызда баспана жоқ. Бізге қандай жол сілтейсіздер?

Жауап:

– Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 67,69,74 баптарының талаптарына сәйкес жолдасыңыз бюджеттік мекеме қызметкері ретінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан кезек ретімен тұрғын үй алуға құқылы. Ол үшін қаланың тұрғылықты тұрғыны болуыңыз, иелігіңізде соңғы бес жыл көлемінде ел аумағында тұрғын үйіңіз болмауы қажет. Осы жағдайда кезекке тіркелуіңіз үшін халыққа қызмет көрсету орталығына хабарласуыңызға болады. Мекен-жайы: Мәделі-қожа н/з үй, №1,2,3 залдар.

Альберт МИРЗОЕВ, қала тұрғыны:

– Әл-Фараби ауданына қарасты «Гидролизный» шағынауданындағы апатты жағдайдағы екі қабатты үйде тұрамын. Төтеншеліктер үйімізді апатты деп танып, мұнда тұрмауды ескертті. Көршілер туған-туысын жағалап кетті. Қалада мен тұрақтайтын жер болмай тұр. Қайда барарымды білмей далмын. Баспанаға мұқтаж мендей жандарға үй беріле ме?

Жауап:

– Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 29,67,74 баптарының талаптарына сәйкес жалғыз тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылған азаматтар белгіленген тәртіппен кезек реті бойынша тұрғын үй алуға құқылы.

Сіздің жалғыз тұрғын үйіңіз апатты деп танылған болса кезекке тіркелу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына хабарласу мүмкіндігіңіз бар.

Шолпан ЗАБИРОВА, қала тұрғыны:

– Менің ұлым әскерде қайтыс болған. Естуімше, әскерде, құқық тәртiбiн қорғау кезiнде қаза тапқандардың отбасына үй берілу қажет екен. Оған қалай қол жеткіземіз? Қандай құжаттар жинауымыз керек?

Жауап:

– Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 67,74 баптарының талаптарына сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй белгіленген тәртіппен кезек арқылы беріледі.

Осы Заңның 68 бабына сәйкес мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерін, әскери қызметін орындау кезінде, ғарыш кеңестігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмірін құтқару кезінде, құқық тәртібін қорғау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы ретінде кезек ретімен тұрғын үй алуға құқылы. Тұрғын үйге кезекке тұру үшін қаланың тұрғылықты тұрғыны болып, иелігіңізде соңғы бес жыл көлемінде Қазақстан Республикасы аумағында тұрғын үйіңіз болмауы қажет.

Осы жағдайда барлық тиісті құжаттарыңызбен халыққа қызмет көрсету орталығына хабарласуыңыз қажет. Тиісті құжаттар тізімі келесідей:

1) есепке алу туралы жазылған өтiнiш;

2) өтiнiш берушi мен оның отбасы мүшелерiнiң жеке куәлiктерiнiң не паспорттарының көшiрмелерiн;

3) некеге тұру (бұзу), отбасы мүшелерiнiң қайтыс болуы, балалардың тууы туралы (болған жағдайда) куәлiктiң көшiрмесiн;

4) Әдiлет органының ҚР бойынша (өтiнiш берушiнiң және онымен ұдайы тұратын отбасы мүшелерiнiң меншiк құқығында оларға тиесiлi үй-жайдың жоқтығы туралы) анықтама; (соңғы 5 жылға)

5) басқа адамдар өтiнiш берушiнiң отбасының мүшесi деп танылған жағдайда өтiнiш берушiге оларды отбасының мүшесi деп тану туралы соттың шешiмiн ұсынады;

6) азаматтарды тiркеу кiтабының көшiрмесiн (құжатты салыстыру үшiн) не тиiстi елдi мекенде тұратынын растайтын анықтама бюросының анықтамасы;

7) өтiнiш берушiнiң (отбасының) азаматтардың әлсіз тобына жататынын растайтын әлеуметтiк қорғау органының анықтамасын (Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі)

8) халықтың әлеуметтiк жағынан әлсіз топтарына жататын азаматтар (жетiм балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды және мүгедек балаларды қоспағанда) өтiнiш жасаудың алдында отбасының әрбiр мүшесiнiң соңғы он екi ай iшiнде табысы туралы қосымша мәлiмет тапсырады;

9) қажет болған жағдайда өтiнiш бiлдiрушi денсаулық сақтау мемлекеттiк мекемесiнен жанұяда аурудың ауыр түрiмен ауыратын азаматтың бар екендiгiн растайтын анықтамасын ұсынады;

Дайындаған – Мақпал РЫСБАЕВА