Жаңалықтар 

“Біздің салт-дәстүріміз “адасқандық” емес”

Шымкент қаласындағы А. Қаттани мешітінің найб-имамы Амантай Садиев
Шымкент қаласындағы А. Қаттани мешітінің найб-имамы Амантай Садиев

Біз өзіндік ділі, тамыры терең құндылықтары, қуат алар мол мұрасы бар халықпыз. Өйткені Ислам қазақ халқының мәдениеті мен әдебиеті, өнері мен салт-санасының мызғымас бөлігі. Біздің өмір салтымыз, халықтық болмысымыз, тәрбиеміз, менталитетіміз де Ислам мәдениеті негізінде қалыптасқан. Шымкент қаласындағы А. Қаттани мешітінің найб-имамы Амантай Садиевпен өткізген аз-кем сұхбатта бұған толық көз жеткізгендей болдық.

Қазақ жеріне Ислам діні сегізінші ғасырда келе бастады. Сол уақыттарда дінді тарату үшін келген араб ғалымдарының жазбаларында ұлан-ғайыр иен далаға тап болғандары, Сейхун мен Жейхун өзендерінен өткендері жазылады. Бұл екі өзен, қазіргі Әмудария мен Сырдария болатын. Міне, сол жазбаларында арабтар қазақ даласына Ислам діні келмесе де мәдениеті жетіп қойғанын нақтылап жазып кеткен. Өйткені сол замандарда-ақ бабаларымыз «ақ қойдың кәллесі, қара қойдың кәлласы, мен Құдайдың пендесі» деп көктегі Тәңірге сыйынып жүрген болатын. Жоғарыда айтып өткеніміздей ежелгі жазбаларда ата-бабаларымыздың соншалықты айбынды, жауынгер, қыздарының абыройын құрметтейтін, қандай қаһармандыққа болса да тайсалмай баратын намысшыл екені жазылған. Міне, Исламның өзі келмесе де мәдениеті жетіп қойғандығына бірден бір дәлел осы. Бабаларымыздың Ислам дінін қылыштың жүзінсіз-ақ қабылдағаны да асыл дініміздің бабалар дәстүрімен үндесіп жатқандығынан болса керек.

Қазір, кейбір бауырларымыз айтып жүргендей, біздің салт-дәстүрімізбен ырым-ғұрыптарымыз «адасқандық» емес, керісінше түпкі тамырын Исламнан алатын асыл құндылықтарымыз. Қазақ дәстүрінің көпшілігінің негізі Исламға барып тіреледі.

Мысалы, Пайғамбарымыз с.а.с. жолда адамдарға кедергі болып жатқан затты алып тастаудың өзі Иманның ең кішісі екенін айтып өткен. Ал үйдің кіреберіс босағасы, көпшіліктің аяқ аттап кіретін алғашқы «асуы» болғандықтан, ешкімге кедергі болмас үшін босағада тұрмаған ләзім. Яғни, босағадан «өзіңді өзіңнің алып тастауың», Иманның кіші белгісі болмақ. Міне, осыдан барып, халқымыздың «босағада тұрма» деген тыйымы пайда болады.

– Осы арада Исламмен үндесіп жатқан біраз ырымдарға мысал айтсаңыз…

– Қазақта «тәбәрік» деген бар. Жасы үлкен қариялардың, сыйлы кісілердің, елге құрметті адамдардың бір затын тәбәрік етіп жатады. Бұл сенімнің шығу төркіні тым тереңде, Пайғамбарымыздың с.а.с. дәуіріне тіреледі.

Бірде Пайғамбарымыз с.а.с. Анас ибн Мәліктің үйінде демалып жатып, көзі ілініп кетеді. Күннің ыстықтығынан қатты терлейді. Сол термен бірге жұпар иіс шығып, бөлменің ішін жайлап алады. Міне, сол кезде Пайғамбарымыздың жанында отырған Анас ибн Мәліктің анасы Румейса өзінің әтір құятын ыдысына Пайғамбарымыздың терін құйып алып отырады. Бір сәт оянып кеткен Расулаллах Румейсадан не істеп жатқанын сұрағанда, намазға тұрғанда үстіне сеуіп алу үшін терін тәбәрікке алып жатқанын айтады. Пайғамбарымыз с.а.с. ештеңе айтпай күлімсіреген екен.

Тағы бір мысал. Бірде бір топ сахабаларымен отырғанда Пайғамбарымыз с.а.с. сақалын тарамдап отырып, бір тал қылын түсіріп алады. Ол қылды Халид бин Уалид деген сахаба жерден көтеріп алып, сақтап жүреді. Сол оқиғадан кейін Халидтың ешқандай соғыста жеңілмегені көптеп айтылады. Бұл ғажап құбылыс «сақалға сенгендіктен емес», Пайғамбарымызға деген ерекше құрметі мен ілтипатынан, пейілінің тазалығынан болса керек. Міне, халқымыздың тәбәрік ұғымы осындай таза ниеттен туындаған.

Бұл секілді мысалдар көптеп кездеседі. Ұлы сөзде ұят жоқ деген, халқымыз кішкентай балалардан «насыбай» сұрап, «әпшулеп» жатады. Бұның шығу төркіні де Пайғамбарымыздың дәуіріне тіреледі. Пайғамбарымыздың с.а.с. Фатима есімді қызы мен күйеу баласы Әлиден туылған Хасан, Хусейін деген екі жиені болған. Пайғамбарымыз с.а.с. жиендерін көп еркелетіп, ойнатып жүретін. Арқасына мінгізіп, көтеруден жалықпайтын. Олардың біреуі бір жаста, екіншісі үш жаста еді. Міне, соларды көтеріп жатқанда көйлектерінің етегі ашылып, шүметайлары көрініп қалушы еді. Пайғамбарымыз с.а.с. сол жерлерінен еркелете қытықтап, балалардың шат-шадыман күлгендеріне қарап мәз болатын. Халқымыздың «насыбай» сұрап, «әпшу» деп өзі де баланы да күлдіретін «ойыны» осымен сабақтасып жатыр.

– Демек, кейбір намазхан бауырларымыз айтып жүргендей ұлттық дәстүріміз бидғат емес, керісінше Исламнан алынған нанымдар болды ғой?

– Иә, көпшілігі, сексен пайыздан астамы асыл дінімізден, Пайғамбарымыз с.а.с.-ның сүннетінен алынған.

– Соңғы кезде көп айтылатын өлең тыңдаудың харамдығы жайлы айтсаңыз…

– Бұл әңгіме «сендерге әйел харам, жібек харам, алтын харам, өлең харам» деп келетін хадисті тура мағынасында түсінетіндерден шықса керек. Әйтсе де ғалымдардың кеңінен түсіндіруі анық түсінуімізге мүмкіндік береді. Әйел харам болса, бүкіл мұсылман баласы үйленбей қалады емес пе. Бұл жерде некесіз әйелдің харам екендігі айтылған. Алтынды харам дейді. Бірақ мұқтаж жағдайда бұл үкім жойылады. Әлдебір соғыста бір сахабаның мұрнын қылыш кесіп түседі. Кесілген мұрынның орны үңірейіп, жайсыздық туғызады. Әлгі сахаба біраз уақыт күмістен мұрын істеп тағып алады. Бір күні Пайғамбарымызға келіп, «мына күмістің иісінен басым ауырып, асқазанымда кінарат пайда болды» дегенде Пайғамбарымыз с.а.с. оған алтыннан мұрын жасатып берген. Сол сияқты өлеңнің де тыңдауға тұратыны, тұрмайтыны бар. «Әннің де естісі бар, есері бар» деп бекер айтылмаған ғой. Исламға жат, дінге қарсы қоятын немесе мән мағынасы жоқ, желөкпе әндер тыңдауға да тұрмайды. Ал тыңдаған адамға ой салатын, тамаша сөздермен өрнектелген термелерді тыңдау теріске жатпайды. Пайғамбарымыздың с.а.с. заманында Исламның дұшпандары небір пәлекетті шығарып отырған. Солардың бірі Пайғамбарымызды с.а.с. жамандап мақалдату, өлең айтулары еді. Бірде бір топ мүшірік неше түрлі мақал айтып, өлеңдетіп, Пайғамбарымызға с.а.с. тіл тигізіп отырады. Сол кезде шыдамы таусылған Абу Дарда есімді сахаба атып тұрып Пайғамбарымызды с.а.с. мақтап, оның Алланың елшісі екенін, жалпы адамзат баласының жақсылыққа жетуі үшін еңбектеніп жүргенін жырлайды. Сонда Пайғамбарымыз с.а.с. күлімсіреп, «Биіктеу жерге шығып айт, Абу Дарда, жұрт естісін» деп қолдау білдірген. Егер өлең харам болса Пайғамбарымыз с.а.с. Дардаға тыйым салар еді.

– Марқұмның соңынан жетісін, қырқын беру сияқты үрдіс те Исламнан бастау ала ма?

– Жаназаның төрт-ақ шарты бар. Мәйітті жуу, кебіндеу, жаназасын шығару, жер қойнына ертерек тапсыру. Осы төрт шарты тезірек орындалса болғаны. Ал жетісі, қырқы деген үрдіс халқымыздың ізгі ниетінен туындаса керек. Тозақтың жеті есігі бар, жеті қат көк, жеті қат жер, жалпы, халқымыз жеті санын жақсы көреді. Жеті күннен кейін жұртты жиып дұға бағыштау дәстүрі осыдан шығады. Ал қырық күннен кейін еттің сүйектен ажырайтын уақыты. Бұл кезде де халқымыз марқұмның соңынан дұға бағыштайды. Жалпы, мұсылманның жақсы тәрбие алған, үлгілі ұрпағы бағыштаған дұғаның сауабы мол. Жоғарыда айтылған дәстүріміз осы бір қағидадан, жақсы ниеттен туындап отыр. Тек ысырапқа жол берілмеу қажет.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Пернебай Сапар

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz