Компания жаңалығы 

Көлік ішіндегі «кептеліс» немесе «ГАЗельдегі» хикая

…Бүгін үсті биік «Форд» көлігі келіп қалды. Жолымыз болды. Аялдамада тұрғандардың барлығы сыйып кеттік. Мұндай «маршруткалардың» ішінде басыңды бұқпай, еңсеңді көтеріп тұруға болады. Ал отыратын орын туралы әңгіме қозғалмайды да, солай ғой?..

23-005

Жалпы, жұмысыңа барып, үйіңе қайту үшін мінетін қоғамдық көліктердің жайы қай-қайсымызға болсын таныс. Әрбір қалалық тұрғынның күнделікті тұрмысында тамақ, ақшамен қатар қозғалатын тақырыптың бірі – автобустар, «газельдер». Біреу үшін бітпес жырға айналса, енді біріміз үшін қоғамдық көліктер – күнделікті нәпақа айыратын жұмыс. Айта-айта жауыр болғаны тағы бар. Бірақ, жақын арада бұл мәселеден қашып құтыла алмасымыз анық. Құдай-ау, жақын ара емес, өміріміздің соңына дейін көпшілікті тасымалдайтын көліктер біздің тұрмысымыздан ойып тұрып орын алатыны сөзсіз. Бірден айтайық, бұл проблема жеке көлігі бар жолы болғыш жандарға қатысты болмауы мүмкін.

Бәрімізге таныс жағдай – көзіңді тырнап ашып, кейбіріміз оразамызды ашып, кейбіріміз ашпай – таңертең аялдамаға ұмтыламыз. Назар аударыңыз, бұрынғыдай жолдың кез келген жерінен автобус немесе «Газельге» міне алмайсыз. Тоқтамайды. Жаңа құрылған жол-патрульдік полициясынан қорқады. Қорықпай қайтсін, бұрынғыдай адамдарды кез келген жерден, тіпті, бағдаршамның түбінен мінгізіп алған біраз жүргізушінің соңынан ақырғы аялдамаға дейін жүріп барған тәртіп сақшылары ешнәрседен бейқам жүргізушілерге өздері бұзған тәртіптерін монитордан көрсетіп, төбеден жай түскендей қылған. Содан бері кез келген жерден тоқтап, соңынан келе жатқан көлікке кедергі жасайтындар күрт азайды. Оған да шүкір.

Хош, сонымен, аялдамаға келдік. Әдеттегідей, баратын жерімізге кешігіп тұрмыз. Көршісін кездестіріп қалған бірен-саранымыз болмаса, қалғанымыздың қабағымыз қатулы. Сіркеміз су көтермейді. Құрып кеткір автобусы тезірек келсе екен… Қырсыққанда біз мінбейтін автобустар бірінен соң бірі келіп, кетіп жатқандай көрінеді. Осы тұста айта кету керек, келесі жолы басқа жаққа баратын болып, осы автобустардың біріне міне қалайын десең, енді бұлар таптырмай кететіні тағы бар.

Басқа жақты қайдам, дәл біз мінетін аялдамада № 69 бағыттағы автобус пен № 121 «Газель» жарысады да жүреді. Дәлірек айтқанда, қу «Газель» үнемі автобустың алдында жүреді. Егер аялдамаға «Газель» келсе, соңынан іле-шала № 69 автобус та жетеді деген сөз. Барлық кезде емес, әрине. Бірақ, көбіне солай. Соны білетін біз «Газель» келе қалса, мойнымызды созып, соңын қараймыз. «69» көрінсе, өзімізше, «Газельді» менсінбейтіндей түр танытып тұра қаламыз. «Маршруткада» екі бүктеліп тұрғанша, автобуста қақиып тұрған жақсы. Бірақ, жаңа айтқанымыздай, автобус үнемі «Газельді» қуалап жүрмейді. Әбден әккі болып алған «Газель» жүргізушілері кейде автобустан 3-4 минут бұрын жүретіні бар.

Сондай кезде жалғыз келген «Газельге» мінуге тура келеді. Қайтеміз, екі бүктелеміз де. Тек, жұмысқа көп кешікпей жетсек, болғаны. Көліктің табалдырығынан аттар-аттамастан кондуктор «Ортаға қарай өтеміз, ортаға! Орта боп-бос тұр ғой, есіктің аузында тұрмаймыз!» — деп құлақты жара айқайды салады. Дәл бір төрден төсек салып бергендей жекіреді дейсің. Шекең тыржиып, амалсыздан ортаға қарай жылжисың. Табаныңды ауыстырып, жылжығандай боласың. Іштей кондукторды сыбап тұрсың. Кейбір тілі жеңілдеріміз «Қайда тыға бересің бәрін» деп, күңкілдеп те жібереміз. Ал кейде жылжымасыңа қоймайды. Сенен кейін мінген адам ұятты жинап қойып, жамбасымен итеріп, сырғытып жібереді. Амал жоқ, тепе-теңдікті сақтау үшін бір бүйірге ойысасың. Сосын аман болғыр жүргізушілердің өздері «Газельдің» ішіне орнатып қойған темірге қос қолдап жабысасың. Оның барына да шүкір. Ондай темір барлық «Газельде» бар. Жоғы өте сирек. Кездесіп қалады кейде. Мүмкін, «Газелін» енді сатып алған шығар.

Сонымен, аяқты қоятын жерді таптық. Орныққандай болған соң қабақтың астымен жан-жаққа қарайсың. Басқаша қарай алмайсың, — басың ханға тағзым бергендей иіліп кеткен. «Газельдің» ең артқы жағында жастар отырып алған. Сенен 10-15 жас кіші болуы мүмкін. Бірақ, бұл – «Газель». Үлкендерге орын беру тақырыбы автобустағыдай емес, сирек қозғалады. Құлақтарында қолшоқпардай «наушник». Құдды бір өздерін өздері жүгендеп алғандай, бауы мойнында айқыш-ұйқыш оратылып жатыр. Үлкендігі кітаптай «Самсунгын» сөмкесінен бір шығарып, бір салады. Қайта-қайта экранын сипай береді. «Ватс Аптан» хат келіп қалар деп күте ме, білмейсің. Қатты қойылған музыкасы екі метр жердегі саған естіліп тұр. Дәп бір кайф ұстағандай, көздерін жұмып алыпты. Ал шындығында апа-көкелердің көзіне тіке қарамау үшін жұмып алған.

Құдайшылығын айту керек, «Газельде» де жастар орын береді. Алдыңғы жақта отырғандары. Атасына рахмет, кейбір жас қыздар мен бозбалалар тұрып кетеді. Ал жасы үлкендері қалай орын береді? Өзі бір адамдық орындықтың шетіне сырғиды. Бір жамбас сиятындай жердің шеті шығады. «Газельге» күнде мінетіндер біледі – осының өзі былай жеткілікті. Мойның қарысып, белің қақиғанша осының өзі тәуір. Құйрығыңның шетін іліп, тізеңді бүге қаласың.

Осы кезде айта кету керек, жүргізушінің қасындағы екі орындыққа жамбасы жеткендерден бақытты жан жоқ шығар, сірә. Шіреніп отырады. Сол орындық үшін талас та боп тұрады. «Газель» аялдамаға келе жатқаннан, алыстан алдына қарайсың. Бір орындық бос бола қалса, тоқтар-тоқтамастан тұра ұмтыласың. Қолыңды анадайдан созып, есікті ашасың. Отыра бергенде «Есікті жай жап» деп, кондуктор сөйлеп үлгереді. Кейбір пысықтары жабылып бара жатқан есікті іштен ұстап қалып, өздері ақырын жабады. Осы кезде ғана қақ алдыңнан «Хлопнешь дверью, умрешь от монтировки!» деген жазуды көресің. Жарайды, оған да көндік.

23-006

 

Ал осы сәтте бар қызық салонда болып жатады. Тұрып тұрған адамдардың саны отырғандардан екі есе артып кеткен. Қалбырдағы балық. Ауа жоқ. Әрең тұрсың. Жүргізуші бірден тормоз бермесе екен деп тілеп тұрсың. Ал ол ұштыртып келе жатыр. Қайтсін енді, соңынан автобус қуып келе жатса. Осы кезде «Алло?» деген біреудің даусы шығады. Басталды…

Осы адамдар бір мәселені талқылау үшін әдейі Газельге міне ме деп ойлайсың кейде. Телефонмен алаңсыз сөйлесіп отыра беретіндер бар. Қатты шыққан дауыстары жолаушылардың барлығына естіліп тұр. Амал жоқ, құлағыңда наушник жоқ болғандықтан, тыңдауға тура келеді. Тыңдамасыңа қоймайды. Түрлі тақырып қозғалады. Үлгере алмай жатқан жұмысы дейсің бе, күн бермейтін бастығы дейсің бе, жақтырмайтын адамын жамандау мен көршісіне шағым айту ма, әйтеуір, көп. Кейбіреулер тіпті, құдалығын талқылап отырады. Құдаларға қанша кит қойып, қанша тамақ пісіретінін, қанша жәшік арақ-шарап сатып алғанын мұндағы сен біліп отырасың. Ау, сол мәселе туралы далада сөйлесуге болмай ма? Шыдатпай бара жатса, даусын бәсеңдетуге болады ғой?! Жоқ, отыра қалып, бар дауыспен талқылау керек. Содан өздері қысылмай ма екен? Дауысын қоя берші, ақшаны үнемдеуге тырысқаны, күнде араласып жүрген адамын жамандағаны жаһанға жария болды ғой?!

Амалсыз әңгіме тыңдап отырғандардың тыныштығын «Пәлен жерден түсетін бар ма?» деген кондуктордың даусы бөліп жібереді. Ешкім үндемейді. «Түсетін жоқ». Шопыр газды түбіне дейін басып, аялдамадан өте бергенде арт жақтан «Тоқтасаңызшы» деп, бір жас түрегеледі. Бір қолымен наушнигін құлағынан сыпырып алуда. Асығып, алға қарай адамдарды соға-моға келе жатыр.

– Тоқтап кетіңізші, ағай!

– Жаңа сұрадық қой, не тыңдап отырсың?

– …

– Қане, «Наурыздан» түсетіндер, дайындаламыз! Тез түсіп қаламыз!

Осындай айқай-шудың астында жаңағы жас түсіп қалады. Қайтсін, наушнигін тыңдаймын деп, кондуктордың дауысын естімей қалды. Оның үстіне адам алар кезде міндетті түрде әр аялдамаға тоқтайтын жүргізуші адам түсер деп, әр аялдамаға тоқтауы тиіс деп сенеді ғой. Ал ол жүргізуші «Самал» базарында көлігінің артынан су аққанша тұрып, әрең қозғалды емес пе? Енді сол кешіккен уақытын осылайша жарыспен, кейбір аялдамаға тоқтамай кетуімен өтеуі керек.

Өстіп отырғанда керек жеріңе жетіп те қаласың. «Түсетін бар ма…» деген кондуктордың сөйлемі бітер-бітпес «Бар!» деп саңқ ете қаласың. Ұрыс естімей, тып-тыныш түсіп қалайық. Әйтеуір, аман-есен жеткенімізге Құдайға шүкір. «Газельден» түсе сала ең алдымен керіліп тұрып бойыңды жазасың. Мойныңды екі жаққа сілкіп-сілкіп аласың. Содан кейін барып алға қарай түк болмағандай адымдай бересің. Бүгін үсті биік «Форд» келгеніне не үшін қуанға-нымды енді түсінген боларсыз? Ал сіз, баратын жеріңізге қалай жетіп жүрсіз?

Нұрлан БЕКТАЕВ

Related posts

Пікір қалдыру

5 пікір - "Көлік ішіндегі «кептеліс» немесе «ГАЗельдегі» хикая"

Маған хабар беру:
777
Іріктеу::   соңғыларын | алғашқыларын | танымалдарын

Нурик, сенде велосипед еді ғой? :))

Иә, мен де велосипед бар. Бірақ, жауын-шашынды күндері Газельге мінуге тура келеді ))

негізі жақсы жазған Нұрлан. Күнде өзіміз көріп жүрген сурет қой. Мақпал, сен де осындай әдемі дүние жазушы едің…. Соңғы рет сенің құдық қазушы атадан өзге ештенеңді оқи алмай жүргеніміз өкінішті-ақ.

Кудайга шукир жумыска бару ушин машинам болганына. Мынадай Газель, маршруттарда журу киын

Өте жақсы жазылған. Біраз жерінде езуім тартып күліп алдым:) расында, күнделікті көріп жүрген оқиға. Өкініштісі, мұны (горавтотранс) жоғарыда отырғандар оқымас. Өздерінің биік, салқын джиптерінде жайғасып отырып, терезесінен — автобустарға көз ұшын да тастамай өте беретін шығар.

wpDiscuz