Жаңалықтар 

Шымкенттің әкімі есеп берді

Шымкентте мектеп пен балабақша тапшы. Әлеуметтік нысандарды салу үшін жекенің меншігіне өтіп кеткен жер телімдерін қайтару да дауға айналып барады. Бұл туралы қала әкімі Дархан Сатыбалды өткен жарты жылдыққа берген есебі барысында мәлім болды.

Шымкент қаласында қазір 68 мың сәби балабақша кезегінде тұр. Ал жергілікті билік балабақшаға арналған ғимараттарды пайдалануға құмбыл емес. Себебі, ғимараттарды жалдау бағасы шарықтап тұр.

Қала әкімінің пікірінше, ғимараттарды пайдалануға қарағанда балабақша мәселесін мемлекеттік “Балапан” бағдарламасы арқылы арқылы шешу тимді. Жергілікті билік халыққа қажетті нысандардың уақтылы бой көтермей отырғанын жер төңірегіндегі даулармен де байланыстырады. Жекенің меншігіне өтіп кеткен жер телімдерін мемлекет қажеті үшін қайтару қиынға соғуда. Сотқа дейін жететін мұндай жағдайлар сала мамандарын сандалтып, көп уақыт алады.

Қаладағы электр қуатын жеткізу желілері де халық қалаулыларының сынына ілікті. Олардың пікірінше, қолданыстағы электр жүйелері істен шыққан. Табиғаттың тосын мінезіне төтеп бере алмайтын көнерген желілерді жаңалаудың уақыты жетті дейді депуттар. Ал сала мамандары желілерді жөндеу шығындарын тарифті көтеру арқылы өндіру туралы ұсыныс жасаған.

Сондай-ақ, апатты мектептердің ақуалы да назардан тыс қалмады. Қала әкімінің дерегіне сүйенсек, қазір шаһарда 3 бірдей мектеп апатты жағдайда деп танылған. Олардың ғимараттардың жобалық-сметалық құжаттары да әзір. Тиісті қаражат та қаралған. Дархан Сатыбалды өз кезегінде бұл мектептердің мәселесі 2014-2015 оқу жылдарында өз шешімін табатынына уәде етті.

Сол секілді қала аумағына кірген елдімекендердің жағдайы да ескерусіз қалмады. Қазір жаңа қалалықтардың өмір сүру жағдайын жақсарту мақсатында тиісті шаралар өз деңгейінде жүргізіліп жатыр. Жергілікті билік, әсіресе, жол-көлік инфрақұрылымына баса назар аударуда. Орталыққа қатынайтын жұртшылықтың қоғамдық көліктерді пайдалану мәселесі қазірдің өзінде ретке келтірілген.

Қазір әкімшілік пен тасымалдаушы компаниялардың арасында жолақысын белгілеу туралы меморундум қабылданған. Соның негізінде жаңа қалалықтар да орталыққа 50 теңгемен қатынау мүмкіндігіне қол жеткізіп отыр. Алайда, тасымалдаушылар бұл бағаның шығынды жаппайтынын айтып, наразылық танытып отыр.

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz