Жаңалықтар 

Сіз оқуға қалай «түстіңіз»?

Тағы бір оқу жылы аяқталып, алда 11 жыл бойы алған білімді дәлелдейтін үлкен сын – ҰБТ тұр. Сынақтан сүрінбей өтіп, қалаған мамандық бойынша оқуға түсу, яғни, студент атанып, жаңа өмірге қадам басу кез келген түлектің арманы. Арманға қол жеткізу үшін оған мақсат пен жоспар қосылады. Осы үшеуі бірлескенде ғана адам дегеніне жетеді. Бірақ, жасыратыны жоқ, жоғары оқу орнына түсу барлық түлекке бірдей бұйыра бермейді. Өйткені қазір ҰБТ сынынан қажетті балды жинай алмасаң, сен үшін жоғары оқу орнының есігі тарс жабық. Ал бұрындары жағдай мүлдем басқаша болатын.

23-007

Кей түлектер мектепті тәмамдай сала еңбекке араласып, өзге де себептерге байланысты білім алуды кейінге қалдырады, я болмаса білімсіз қалып қояды. Ал келесі бірі алған білімі бойынша еңбек етпей, мүлдем өзге саланың етегінен ұстап, алған дипломы сандық түбінде шаң басып сақтаулы қала береді. Тек «білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» дегенді ұмытпаған абзал. Ал мыңды жығу үшін өз уақытында білім алу өте тиімді екенін қаперде сақтай жүрген дұрыс. Өйткені студенттік шақ адам өмірінің қайта оралмайтын кезеңі. Бұл кезде тұла бойың жігер мен қайратқа толы. Ғылым арқылы әлемді танудың мүмкіндігі көп. Осы ретте кезінде өз қатарластары секілді оқуға түсіп, қазіргі таңда қызметімен қатар қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып жүргендер арасында бүгінгі тақырыбымызға сай сауалнама жүргізген болатынбыз.

Рәшкүл Оспанәлиева
Рәшкүл Оспанәлиева

Рәшкүл ОСПАНӘЛИЕВА, кәсіпкер, ОҚО мәслихатының депутаты:

– Мектепті 1978 жылы бітірдім. Арманым – мұғалім болу еді. Құжаттарымды Каспий университетіне тапсырып, кейін балым жетпей, ауылға қайттым. Бір жылдай білім саласы бойынша ауылдық мектептің арнайы дайындық тобында еңбек еттім. Шынымды айтсам, осы бір жыл ішінде білім беру саласына араласа бастасымен ойым өзгеріп, ұстаздық ету мен үшін жат мамандық екенін ұқтым. Өйткені оқытушы болу үшін аса шыдамдылық қажет. Ал мен тік мінезді жанмын. Оның үстіне еңбек ете жүріп, кондитер, технолог, инженер сынды мамандықтардың бар екенінен, ол бойынша білім алуға болатынынан хабардар болдым. 1979 жылы Алматы технологиялық институтына оқуға түсіп, 1984 жылы тәмамдап, инженер-технолог мамандығын алып шықтым. Жас түлектерге кеңес ретінде айтарым, мамандық таңдарда сол саланы әбден зерттеп барып қадам жасаған дұрыс. Өйткені өзің қалап тұрғанмен, ондағы жұмысты алып кету сенің қолыңнан келмеуі мүмкін немесе мен сияқты өзге мамандықтардан хабарсыз болуың ғажап емес. Адам өмірлік жары мен мамандық таңдарда қателеспеуі керек дегенді назарға алған дұрыс.

Ұлттық бірыңғай тестілеу дегенге түпкілікті қарсымын. Себебі қаламмен белгілеу арқылы адам тағдыры шешіледі. Айналып келгенде бұл кезде білімсіздердің бағы шауып кетуі де мүмкін ғой. Сол үшін біздің кезіміздегідей билет алып, емтихан тапсырған жөн.

Лесбек Тәшім
Лесбек Тәшім

Лесбек ТӘШІМОВ, ОҚО мәслихатының депутаты:

– Мектеп қабырғасында оқып жүргенімде дәрігер болуды армандаушы едім. Біздің кезімізде 10-11 сыныпты бір жылда оқытатын. Мектепті бітірген соң арман қуып дәрігер мамандығы бойынша оқуға құжаттарымды тапсырдым. Ол – 1966 жыл. Өздеріңіз білесіздер, біздің кезде оқуға түсу үшін ауызша, жазбаша емтихан тапсыруға тиіс едің. Бүгінгідей ҰБТ деген жоқ. Алғашқы емтиханнан өтіп, екінші сыннан өте алмадым. Оқушы кезімнен есепке жүйрік болдым. Араға бір жыл салып, 1967 жылы Қызылорда педагогикалық институтына түсіп, оны тәмамдаған соң еңбек жолымды бастадым. Шынымды айтсам, білім алып жүргенімде білдей бір оқу ордасына басшылық етемін деген ой, арман тіпті болмаған. Ал ҰБТ мәселесіне келсем, көненің адамымын. Сол үшін де бүгінгідей сынаққа қарсымын. Неге дейсіздер ғой? Өйткені сынақты ережеге сай үнсіз, тек қағазға белгілеп тапсырып шығу керек. Соның салдарынан бала өз ойын ауызша жеткізуден қалады, тіл байлығы жоғалады.

Спандияр БЕКЖІГІТОВ
Спандияр БЕКЖІГІТОВ

Спандияр БЕКЖІГІТОВ, ОҚО мәслихатының депутаты:

– Бала күнімнен тазалыққа қатты мән беретін едім. Тіпті, үйге келген қонақтармен сәлемдескен соң қоздырғыштар қалып қоятындай қолымды сабынмен жақсылап жуып тастайтынмын (күліп). Мектепті 1971 жылы бітірдік. Ол кезде Шымкентте медициналық оқу ордасы жоқ еді. Содан үйдегілер Шымкенттен алыстатқысы келмей, Шымкент технологиялық инс-титутына құжаттарымды тапсырды. Балалық арманыма балта шабылды деп ойлағанмын, бірақ ондағы сыннан өте алмай, ауылға қайттым. Араға бір жыл салып Алматыдағы медициналық институтқа оқуға түсіп, 6 жыл білім алып, 1 жыл интернатурада тәжірибеден өттім.

ҰБТ-ға түбегейлі қарсымын. Онымен бала білімін дәлелдей алмайды. Қазіргі оқушылар жыл бойына тестте берілген жауапты ғана жаттап алады да, нәтижесінде оның мәнін түсіне бермейді. Ал көзбен көру арқылы есте сақтауы жақсы түлектердің тіптен жолы болады. Бұл мәселенің көтеріліп жүргеніне аз уақыт болған жоқ. Бірақ министрліктегілер ҰБТ-ны неге тоқтатпай жатқаны белгісіз. Осы ретте бітіруші түлектерге айтарым, қазір білімділер заманы. Тек біліміңе ғана сену керек. Сондықтан да білім алуға мүмкіндік беріліп тұрғанда оны жіберіп алмау қажет.

Ербол Садыр, облыс әкімінің орынбасары
Ербол Садыр, облыс әкімінің орынбасары

Ербол САДЫР, ОҚО әкімінің орынбасары:

– Бүгінде қоғам арасында ҰБТ-ға қатысты түрлі сын-ескертпелер айтылып жатыр ғой. Бәлкім ол дұрыс та шығар. Бірақ менің пікірімше, сынның бұл түрі қорқатындай сынақ емес. Себебі он бір жыл бойы оқыған адамның анық білімі болса, оны қандай жолмен болсын дәлелдей алады. Тек бір айта кетерлігі, ата-ана мен ұстаздар оқушының психологиялық дайындығына аса мән бергені дұрыс.

Өзім 1990 жылы мектепті бітіріп, сол кезде республикамызда алдыңғы қатарлы білім ордасы болған Алматы халық шаруашылығы университетіне құжаттарымды тапсырғанмын. Әкем ауыл шаруашылығы саласының маманы болуымды қалаған. Ал өзім бала күнімнен экономист болуды армандайтынмын. Бірақ мен өз қалауымды жасадым. Ол кезде мектепте емтихан тапсырып, кейін жоғары оқу орнында тағы да сыннан өтуге тиіс болатынсың. Берілген сынақтан сүрінбей өтіп, бухгалтерлік есеп және аудит мамандығы бойынша оқуға қабылдандым. Студент кезімде аса белсенді болдым деп айта алмаймын. Бірақ ешбір емтиханнан сүрінген емеспін.

Түйін:

М.Әуезовше айтсақ, «Адам мен адамды, халық пен халықты теңестіретін нәрсе – білім» екенін ұмытпаған абзал. Күнді алақанмен көлегейлеу мүмкін емес сияқты, жоғары білімсіз кәсіби маман болу да екіталай. Қазіргі заманда білім аламын, алға ұмтыламын деушілерге барлық мүмкіндік бар. Тек оны дұрыс пайдалана білсең болғаны.

Сауалнаманы жүргізген –Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz