Түлкібаста жер қойнауы заңсыз қопарылып жатыр

734
Қазба байлықты іздеуде жұмыс қызып тұр
фото Ашық дереккөзден

Облыстың жер асты байлығына қызыққандар табиғатты таптап жатыр. Түлкібас ауданындағы «Ақсу-Жабағылы» және «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қорғау аймағын әлдебір компания ешбір рұқсатсыз қазып тастаған.

vlcsnap-2014-06-17-10h07m09s220

Сахит Қынтаев – Түлкібас ауданының тумасы. Туып-өскен жерін ол ерекше мақтанышпен айтып тауысар емес. Талайды табиғатымен тамсандырған өңірді азамат ештеңеге де айырбастағысы келмейді. Мұнда Қызыл кітапқа енгізілген өсімдіктер мен жан-жануарлар бар. Қос ұлттық табиғи паркі құрылған. Бірақ, соңғы жылы парк аумағын белгісіз біреулер бүлдіріп тастапты. Қазба байлығын іздестіріп, қоршаған ортаға едәуір залалын тигізген. Бұл жағдай табиғат жанашырын алаңдатпай қоймады.

Сахит Қынтаев, Түлкібас аудандық мәслихатының депутаты: «Бұл жерде қанша табиғат байлығы жатқанын білмеймін. Бірақ, 85 жылдық тарихы бар Ақсу-Жабағылы паркіне қазір зиян тиіп жатыр.»

Екі бірдей ұлттық парк аумағына жақын орналасқан «Иірсу» кен орнында қазір қызу жұмыс жүргізіліп жатыр. Ауыр техника қыраттың беткі қабатын сүруде. Табиғат жанашырларының айтуынша, бұл жерде темір мен мыстың мол қоры бар көрінеді. Осыны көздеген компания адамдары ештеңеге қарар емес. Жасыл желекті аумақтың қыртысын техника бес метрге дейін қопарып тастаған.

Қазба байлықты іздеуде жұмыс қызып тұр

Бақытжан Қырықбаев, ОҚО орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекция бастығының орынбасары: «Бұл жерде маңызды мәселе – табиғи ортаның бұзылуы, су көздерінің жабылуы, жан-жануарлардың өз ортасында өмір сүре алмауы, қоныс аударуы – мына іс-әрекеттің нәтижесі.»

Экологтардың мәліметінше, мердігер компания қоршаған ортаға 29 миллион теңге шығын келтірген. Бұл былтырғы жылы жүргізілген тексерудің қорытындысы. Ал биыл залалдың көлемі одан да көп болғалы тұр. Аудандық прокуратура қылмыстық іс қозғаған. Тіпті ішкі істер бөлімі тергеуді де бастап кеткен. Бірақ, әзірге, табиғатқа қиянат жасаған кімдер екені айтылмай отыр.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=rrXYU_oxyHU[/youtube]

 

Махат Зұлпыхаров, Түлкібас ауданының прокуроры: «Тергеу жүргізіліп жатқан кезде олар жұмыс істеп жатқан жоқ еді. Қазір жұмыс басталған болса, ішкі істер басқармасына тапсырма беріледі. Тергеу тобы барып, жұмыс істейтін болады.»

Ешкімнен ескерту болмаған соң қазу жұмыстары әлі де жалғасуда. Тіпті, жол да салынып жатыр. Мамандар кен орнын ашық әдіспен игерудің соңы табиғи апатқа әкелуі мүмкін деп дабыл қағады. Қазірдің өзінде осы маңды мекендеген аң-құс басқа жаққа ауып кетіп жатқан көрінеді. Былтыр бұл мәселе Үкіметке дейін жетіп, тоқтап қалған болатын. Ал биыл мұнда құрылыс қайта қызған. Әзірге оған табиғат жанашырларынан басқа «Тоқта» дейтін жан табылмай тұр.