Канал көрсең көзін аш

Ауылшаруашылығына бейімделген облыс болған соң өңірімізде ірілі-ұсақты каналдар өте көп. «Достық», «Арыс-Түркістан» секілді ірілерінен өзге ұсақ каналдардың санынан жаңыласың. Барлығы да жер емген халықтың игілігі үшін сонау кеңес заманында-ақ пайдалануға берілген-ді. Одан бері талай су ақты, заман өзгерді. Уақыт дегенін істетеді емес пе? Бүгінде сол ауылшаруашылығының артериясы болып келген су көздерінің ахуалы көңіл көншітпейді. Ескірген, тозған. Мұны бізден жақсы білетін билік күнгейдегі каналдардың ахуалын жақсарту жолында аянып қалып жатқан жоқ. Десек те, әттеген-ай дегізетін жағдайларды көргенде еріксіз басыңды шайқайсың, жағаңды да ұстайтын кездер болады. Төменде тілшілердің әзірлеуімен өңіріміздегі бірқатар каналдарға қатысты туындап отырған қиындықтарды халыққа жеткізгіміз келді. Мұны оқи қалса жоғарыда отырған жауапты шенеуніктер де бей-жай қарап қалмас деген ойдамыз.

Теріс ағатын канал

Арыс ауданына қарасты Аққала ауылының шаруалары судан таршылық көріп отыр (1 суретте). Су шаруашылығы мамандары тиісті борыш өтелмей су бермеуге бел буыпты. Ол аз болғандай, каналдың құрлысында кемшіліктер көп екен. Салдарынан бірнеше шаруа қожалықтарының еңбегі еш кетуі мүмкін.

Аққала ауылының шаруалары ағын суды осынау «3К-3» арнасынан пайдаланады. Алайда, мердігерлер каналды жүргізер кезде кейбір олқылықтарға жол берген. Ұзындығы небары 16 шақырым каналдың соңғы нүктесін төменге түсірудің орнына биіктетіп жіберген. Шалағай тірліктен қазір шаруа шатқаяқтап тұр.

«3К-3» су арнасын қазір бірнеше түйткілді мәселе тұйыққа тіреуде. Соның бірі – ағын судың төлемақысы. Диқандар «Қазсушар» РМК Шардара бөлімшесіне 1,5 миллион теңге қарыз. Сондықтан шаруалар қарыздан толық құтылмаса, монополистер ағын суды тоқтатамыз дейді. Оның үстіне су арнасы жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Түптеп келгенде тараптар мәмілеге келді. Нәтижесінде, бір жарым ай судан таршылық көрген диқан қауымға ағын су жеткізілетін болды.

Мақпал РЫСБАЕВА

Миллиардтарға қазылды деп кім айтады?!

Суреттен көріп отырғандарыңыз 2011 жылы қолданысқа берілген Мақтарал ауданындағы «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» каналы (3 суретте). Ұзындығы он шақырымнан асатын су арнасының құрылысына он миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған. Көріп тұрғаныңыздай, үш жылда жыларман халге түсіпті.

Каналдың негізгі ені – 40, тереңдігі 9 метр еді, – дейді сол маңдағы Жеті қазына ауылының тұрғындары. Алайда, ағысы қатты суға жағадағы цемент пен сым тордан қойылған қорғаныштар шыдамай, тас-талқан болған. Нәтижесінде 3 жылда су арнасы 70-80 метрге дейін кеңейіп кеткен. Канал бойындағы бос топырақ опырылып, жағадағы жол мен қорымның су астында қалу қаупі бар. Ауыл тұрғындарының айтуынша мазар шырақшысының баспанасы құлапты.

Ауыл тұрғындары канал қабырғасында жатқан цемент пен сым торды, тастарды қою үшін қазынадан 45 миллион теңге жұмсалғанын айтады. Олар бұл жөнінде жергілікті билікке шағымданып жүргенде білген. Бекінісінен айырылған соң каналдағы көпір де жағадан жырақтап қалыпты. Су арнасына жауапты мекеме басшылығы мәселені республикаға жеткізген. Тіпті шетелдік мамандармен де ақылдасқан көрінеді. Алайда нәтижесі шамалы.

«Қазсушар» мекемесінің ОҚО филиалының директоры Сенбай Сейсеновтың айтуынша, каналдың бұзылуы техногендік себептерге байланысты. Сонымен қатар оның жанынан салынған тазалағыш коллектор да тозып тұр. Оған жер асты суының көтерілуі себеп болып отыр. Енді осының бәрін жаңғыртумен қалпына келтіреміз», – дейді.

Иә, мамандар «Мақтаралда жерас-ты суы шамадан тыс көтерілді. Мұндай мөлшер соңғы 15 жылда болмаған» деп отыр. Десе де, құқық қорғау органдары миллиардтарды суға ағызған мекемелерді тексеруді бастап кеткен көрінеді. Ал су арнасын қайта жаңғырту жұмыстары тек 2016 жылы басталуы мүмкін.

Арай ЕСЕНБЕК

Басы бар, аяғы жоқ…

Қауіпті канал. «Тұрлан» шағын-ауданында орналасқан каналдың басы бар, аяғы жоқ (2 суретте). Жаңбыр суы лық толған уақытта шағынаудан қызыл судың астында қалады. Қарапайым халық жаңбыр жауғанда қаптаған судан әбден зардап шегеді. Тіпті, өткен айда жаңбыр суы каналдың арнасынан тасыған кезде жаңа мектепке де зиянын тигізіп үлгеріпті.

Сол кездері тұрғындардың шағымын арқалап, шағынаудандағы осыдан төрт жыл бұрын пайдалануға берілген №55 мектепке арнайы барған да болатынбыз. Расында да жаңбырлы күні канал суы тасып, мектептің ауласын басып қалады екен. Білім ордасының алаңында арық-атыз жүргізілгенімен, соңы жоқ. Су жиналып, қайтадан мектеп ауласына ағады.

№55 мектептің мұғалімі Людмила Михаилқызы: «Мектептің үш бұрышынан су аққанда жүріп-тұру мүмкін емес. Сол жаңбырдың суы мектеп жанындағы басы бар, аяғы жоқ арықта жиналып қалады. Қолаңса исі мұрынды жарады», – дейді. Расымен де, жаңбыр суы мектептің ішіне дейін кіріп, залал келтірген. Мұны білім ордасының мұғалімдері растап отыр. Аулаға толған суды былшылдатып басудан басқа амал қалмайды екен. Ал мектеп жертөлесіне су кірді ме деген сауалымызға №55 мектептің шаруашылық бөлімінің меңгерушісі Марат Бисембаев жоқ деп жауап берді. Бірақ, есігін ашып, көрсетуден бас тартты.

Ал тұрландық тұрғындардың алты жылдан бері бас ауруына айналған каналдың басы бар да, аяғы жоқ. Канал бойына үйлер салынып, жолы жабылған. Сондықтан болар, арнасынан тасыған су көше тұрғындарының үйін басып қалады.

«Тұрлан» шағынауданының тұрғыны Қымбат Көшекбаев: «Үш көшенің суы ағып, біздің көшеге келеді. Ары қарай каналдың жолы жабық. Үстіне үйлер салынған, бетон құйылған. Біздің бар арманымыз да, мақсатымыз да – осы каналды қалпына келтіру. Жаңбыр жауып, су тасыған кезде күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрыламыз», – деп жыларман болды.

Жергілікті билік бұл каналдың мәселесімен толығымен таныс. Қол қусырып, қарап та отырған жоқпыз дейді. Каналды қала қарамағына өткізу үшін барлық жұмыстар атқарылып жатқан көрінеді. Егер жұмыстар оң нәтижесін берсе, канал бойындағы заңсыз салынған ғимараттар бұзылып, қайта жөнделеді екен.

Ардақ ЖАҚСЫЛЫҚОВА