Ұстаздардың шеберханасы

«Қазақстан әлемдік деңгейдегі білім орталығына айналуы керек. Ол үшін оқыту үдерісіне қазіргі заманғы әдістемелер мен технологияларды енгізген жөн. Сонымен қатар, педагогтар құрамының сапасын арттыруды қолға алған дұрыс». Елбасы халыққа арнаған кезекті жолдауында осылай деп мәлімдеген еді. Осы ретте елімізде білім беруді дамытудың 2011-2020 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағдарлама­сы қабылданды.

Жанар Қалғынбаева
Жанар Қалғынбаева

Бағдарламаның басты міндеттерінің бірі – мұғалімдердің біліктілігін арттыру және оларды материалдық ынталандыру болып табылады. Осыған байланысты еліміздің түкпір-түкпіріндегі Дербес білім беру ұйымы «Назарбаев зияткерлік мектептері» Педагогикалық шеберлік орталықтары ашылып, ұстаздар қайта даярлаудың үш деңгейлік бағдарламасы арқылы білімдерін жетілдіруде. Сондай орталықтың бірі облыс орталығы Шымкентте де бар. Ашылғанына небары 2 жыл болған орталықта екі мыңға жуық педагог қайта даярлаудан өтіпті. Ал, оның нәтижесі қандай? Оның мұғалімдерге берері не? Мұғалімдер дайындық курсынан өтуі үшін не істеуі керек? Осы сұрақтарға жауап алу үшін Педагогикалық шеберлік орталығының басшысы Жанар Қалғын-баеваға жолыққан едік.

31-007

– Педагогикалық шеберлік орталығы 2012 жылы ашылды. Осы уақыт аралығында орталықты 2000-нан астам мұғалім жаңа үш деңгейлі бағдарлама бойынша қайта даярлаудан өткен. Нәтижесі де жаман емес. Атап айтар болсақ, 2014 жылы 3-ші деңгей бойынша білімін жетілдірген мұғалімдер сынақты 100 пайызға тапсырса, 1-ші деңгей бойынша білімін жетілдірген 309 маманның жалпы көрсеткіші 96 пайызды құрады. Нәтижесінде облыстың мұғалімдері білім көрсеткіші жағынан Республика бойынша 2-орында тұр. Бұған біздің орталық мамандарының да қосқан үлесі мол, – дейді Жанар Сақымбекқызы.

Шолпан Бейсенбаева, №8 М.Х.Дулати атындағы 3 тілде білім беретін мамандандырылған гимназияның директоры:

– Мен Педагогикалық шеберлік орталығының мектеп басшыларына арналған арнайы курстарында қайта даярлықтан өттім. Оқудың алғашқы айлары теориялық негізде өтті. Оны біз Астана мен Алматы қалаларында өткіздік. Одан соң 6 ай бойы іс-тәжірибеден өтуге мүмкіндік алдық. Оқу барысында өзге мектеп басшыларымен тәжірибе алмасып, білімімді жетілдірдім. Мұндай қайта даярлық курстарының педагог мамандарына берері мол.

Бүгінгі таңда орталықта 16 тренер жұмыс істейді. Барлығы да Кембридж университетінің ұстаздарынан тәлім алған білікті мамандар. Сонымен қатар, мұндағы тренерлер білімін жетілдіру үшін шет елдерде арнайы курстардан өтіп, тәжірибе жинақтап тұрады. Мәселен, Жапония еліндегі жалпы білім беру мектептерінде қолданылатын «Lеsson stady» бағдарламасын меңгеру үшін орталық директоры сол елге барып, тәжірибе жинақтап қайтты. Орталықтың маманы З.Сапарбаева мен Ж.Қалықұлова Ұлыбританияда өткен «Болашақ мектептің қалыптасуы: білім берудегі және табысты басқарудың инновациялық тәжірибесі» атты семинар сабақтарына қатысты. 2013 жылы 2 тренер Ұлыбританияда біліктілігін арттырса, биыл тағы да 2 маман А.Егізбаев пен Ж.Оспанова Кембридж университетінде өз білімін жетілдірді. Орталықтың стратегиялық серіктесі ретінде Ұлыбританияның Кембридж университеті болып табылған-ды. Сондықтан да білім беру бағдарламасын Педагогикалық шеберлік орталығы мен Кембридж университетінің білім беру факультеті дайындайды. Олар әр деңгейге сәйкестендіріліп түзілген арнайы 3 кезеңнен тұрады. Білім бағдарламасына сәйкес, ұстаздар 3 ай бойы қайта даярлықтан өтеді.

31-006

1-ші кезең «Бетпе-бет» ауди-ториялық кезең деп аталады. «Бетпе-бет» аудиториялық кезеңінде тыңдаушылар шағын топтарға бөлініп, заманауи білім беру кеңістігіндегі оқыту мен оқудың тәсілдерін және әдістерінің тұжырымдамалық негіздерімен танысады. Одан соң 2-ші «Мектептегі тәжірибе» кезеңінде мұғалімдер өздерінің мектептерінде іс-тәжірибеден өтеді. Яғни, олар 1-ші кезеңде алған білімдерін осы кезде іс жүзінде жүзеге асырады. 3-ші «Бетпе-бет» аудиториялық кезеңінде мұғалім тәжірибе барысында алған білімін тереңдетуге, рефлексия жасап, оны бағалауға мүмкіндік алады. Айта кететін бір жайт, облыстың алыс-жақын ауылдарынан келген барлық тыңдаушыларға республикалық бюджеттен 165000 теңге көлемінде шәкіртақы және тегін оқулықтар беріледі. Сонымен қатар, біліктілігін арттырып, сертификатқа қол жеткізген барлық педагогтардың жалақыларына үстеме ақы қосылады.

31-005

Айтпақшы, орталықта мектеп басшыларына арналған арнайы бағдарлама да бар. Бұл бағдарлама 9 айға сәйкестендіріліп құрылған. Яғни, мектеп басшылары 9 ай бойы білімін жетілдіреді. Оқу курстары Астана мен Алматы қалаларында өтеді. Бұл бағдарлама бойынша 2013 жылы облыстағы 55 мектептің директоры білімін жетілдіріп, сертификатқа қол жеткізген. Ал, биыл 250 басшы қайта даярлықтан өтуде.

Түйін:

Халықаралық зерт­теулерге сүйенсек, Сингапур, Қытай мен Финляндия елдері соңғы он жылда білім сапасы бойынша алдыңғы қатардан түспей келеді. Себебі, бұл елдердегі білім құндылығын жо­ғары бағалай білу мәдениеті мен мұға­лім­ге деген дәстүрлі конфуциялық сый-құрмет білім сапасының, адам сапасының табыстылығын айқындап отыр. Біздің елдің де осы елдерден алары көп. Егер ұстаз маманын таңдау барысында қойылатын талапты әркімнің қолы жете бермейтін жағдайға жеткізіп, күшейтетін және соған сәйкес табысы жоғарылайтын болса, біздің елдегі білім сапасы да жақсарады деген үміт те жоқ емес.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ