Шымкентте дүлей желден шатырлар ұшып, көліктер бүлінді

298
жол жиегіне ағаштар құлаған

Шымкентте кеше кешқұрым тұрған дүлей жел көпшілікті әбігерге салды. Бірінің үйінде жарық сөнсе, екіншісінің баспанасының шатыры ұшып кеткен.

жол жиегіне ағаштар құлаған
Ағаштар жолдың үстіне…

Көпті дүрліктірген дүлей желдің кесірінен Түркістан мен Тоқаев көшелерінің қиылысындағы ғимарат шатырсыз қалды. Мұнда «Ладушки» цехы мен кафесінің шаруашылық заттары да болған. Қатты түрген дауыл шатырды ұшырып әкеткен. Салдарынан аялдама да бүлінді.

«Гүрс еткен дауыс естілді. Далаға жүгіріп шықсам, жолға ағаштар құлап, қираған заттар ұшып жатыр. Машинама зияны тимесін деп, тез арада басқа жерге қойдым. Қорқып кеттім» дейді куәгерлердің бірі.

автокөліктердің үсітне ағаштар құлаған
…және автокөліктердің үстіне құлады

Жүргізушілердің дүрлігуі бекер емес. Себебі қатты соққан желден жол жиегіндегі ағаштар құлап, маңайдағы 2 бірдей автокөлікті зақымдапты. Терезесімен қоса басқару жүйесінің де талқанын шығарған.

«Бәрі қас-қағым сәтте болды. Үйден шықсам, көлігімнің үстінде ағаштар мен қираған шатырлар жатыр. Сақтандыру мекемесінің өкілдерін шақырдым. Енді не болатынын білмеймін» дейді көлік жүргізушісі.

шатырлар ұшқан
Ұшқан шатыр

Оқиға орнына төтенше жағдайлар қызметі шақырылған. Мамандар тез арада табиғаттың тосын мінезінен көпті сақтауға кірісіпті.

Қаратай Нұсқабаев, облыстық ТЖД шұғыл құтқару қызметінің құтқарушысы: «Шатырдың қалғанын арқанмен байлап, төменге бөлшектеп түсірдік. Жел тұрғанда бұдан басқа қоңырау болған жоқ. Бірақ басқа көшеде талдар құлаған. Әзірге ешқандай қауіпті жағдайлар болмаған.»

Құтқарушылардың айтуынша, материалдық шығын болғанымен, зардап шеккен адам жоқ.