Көксәйек әлеуметтік мекемесінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді

936

Бүгін Көксәйек психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесінің жатын корпусы пайдалануға берілді. Жаңа ғимарат 40 науқасқа лайықталған. Осыған дейін тиісті ем-домнан қағылып, үйде күнелткен сырқат жандар енді заманауи талапқа сай жасақталған жаңа мекемеде емделетін болады.

vlcsnap-2015-01-13-17h52m51s169

Желтоқсан айында құрылысы аяқталған жаңа ғимарат заманауи талапқа сай жабдықталған. Науқастардың тиісті медициналық көмек алып, оңалуына барлық жағдай жасалған. Мұнда тіпті сырқат жандар еңбекке бет бұрып, бос уақыттарын тиімді өткізе алады.

Мұнымен қоса дене шынықтырып, спортты серік етуге мүмкіндік бар. Бұл шаралардың мүгедек жандарды қоғамдық ортаға бейімдеуде септігі мол дейді дәрігерлер.

ІІ топ мүгедегі Светлана Черепанова тоқыма өнерімен айналысады. Ата-ана қамқорлығынсыз қалған қыз бұл іске балалар үйінде бет бұрған. Ескі ғимаратта еңбек бөлмесі болмағандықтан, тоқымашылықпен емін-еркін айналыса алмағанын айтады. Енді оның мүгедектерді еңбекке баулу арқылы оңалтуға бейімделген жаңа мекемеде сүйікті ісі қолөнерді дамытуға да мүмкіндігі бар.

Айта кетейік, бүгінде облыста психоневрологиялық ауытқуы бар науқастың саны 26 мыңға жуықтайды. Мыңнан аса сырқат Төле би ауданында тіркеуде тұрады. Атаулы дертке шалдыққандар қарасының жылдан-жылға артып келе жатқанын ескерген мамандар мұндай мекеменің әлі де тапшы екенін жасырмайды.