«Қыран» үздік үштікке енбек

349
Неби Филиз оңтүстік қазақстандық бапкерлердің сынағынан өтеді, сурет «Қыран» футбол командасының баспасөз қызметінен алынған

Футболдан Қазақстанның бірінші лига командалары арасындағы биылғы чемпионат 4 сәуір күні басталады. Шымкенттің намысын қорғайтын «Қыран» футболшылары өз алаңында Қызылорданың «Байқоңыр» командасын қабылдайды. Ал 29 наурызда жергілікті ойыншылар Кубок ойындарын Ақтаудың «Каспийімен» бастайды.

Білікті бапкерлер Амерби Динаев пен Әуелбек Дербісбаевтың шәкірттері биылғы футбол чемпионатына жан-жақты дайындықты жүргізіп, үздік үштікке енуді жоспарлап отыр. Облыс спортының басшысы Әлібек Нұртаевтың бастамасымен шымкенттік ойыншылар 20 ақпан күні Түркияға халықаралық деңгейдегі оқу-жаттығу жиынына аттанбақ.

Футбол клубының директоры Талғат Пошимовтың мәлімдеуінше, жақсы дайындыққа барлық мүмкіндік қарастырылған. Жерлестеріміз Анталья қаласында екі апта бойы жаттығу жасап, тәжірибелерін арттырып келеді.

«Қыран» кәсіби футбол клубының спорт директоры Евгений Шкариннің сөзіне қарағанда, қазақ легионері – 26 жастағы Нәби Филиз сынақтан өту үшін шақырту алған.

Неби Филиз

Қандасымыз Н. Филиз 1989 жылы Германияның Розенхайм қаласында дүниеге келген. 6 жасынан бастап футбол ойнап, Германияның атақты « Бавария» футбол мектебінен тәлім алды. 2009 жылы немістің «Унтерхакинг» командасының қосалқы құрамасында өнер көрсеткен. Сонымен қатар «Мюнхен-1860» клубының қосалқы командасымен де жаттығу жасапты. Жартылай қорғаушы.

Ал былтыр «Қыранның» намысын қорғаған талантты нидерландиялық футболшы Мұрат Өнал биыл да қырандықтардың сапында өнер көрсетеді. Күні кеше ғана ол клуб директоры Талғат Пошимовпен келісім-шарт жасасты. Бұдан басқа құрамаға ену үшін «Ордабасы», «БИІК» футбол командалары мен аудан футболшылары арасынан бірқатар ойыншылар сынақтан өтеді.