Биыл қазақ хандығының құрылғанына — 550 жыл. Тарихи датаға орай өңірімізде «Оңтүстік тарихынан сыр» атты ғылыми-конференция өтті. Кеңес аясында жазушы Момбек Әбдәкімұлының жаңа кітабы таныстырылды. «Күн тұтылған мезгіл» атты еңбекте XVIII ғасырдың екінші жартысындағы уақиғалар кеңінен зерттелген.
Туындыда Төле бидің кенже ұлы Қожамжардың өмір жолы мен сол шақтағы халықтың төл тұрмысы суреттелген. Басқосуға шақырылған тарихшылар мен бірқатар ғалымдар және зиялы қауым өкілдері жаңа жинақты кеңінен талдады. Автордың сөзіне сенсек, 30 жыл бойы зерттелген кітапта тарихтағы бұрын-соңды айтылмай келген тың мәлімттер бар.
Момбек Әбдәкімұлы, тарихшы, жазушы: «Әлі күнге дейін айтылмай келе жатқан бір ащы шындық бар. Ол — қалмақтан кейін қазақ жеріне таласып, қазақ пен қырғыз 25 жыл бойы айқасқан. Үлкен соғыс болған, оған соңында Абылайхан араласып, қырғыздың басқыншыларын кері қайтарған. Қазіргі өзіміз көріп жүрген қазақ шекарасын бекітіп берген. Бұл жағдайлар кітаптың 2-бөлімінде айтылады.»
Кеңеске келген көпшілік Қожамжар бидің Ташкентке жүргізген 25 жыл бойғы билігімен етене танысты. Айта кетейік, 348 беттен құралған «Күн тұтылған мезгіл» кітабы әзірге 2500 данамен жарық көріп отыр. Қазіргі таңда жергілікті кітапханаларға үлестірілген.