Балаңыз не жеп жүр?

Бүгінгінің баласы ағзаға түк пайдасы жоқ, керісінше ауру туғызатын жедел дайындалатын тағамдарды (хотдог, гамбургер) тұтынуды жөн көреді. Осындай тағамдарды үздіксіз тұтынудың салдарынан оқушылар арасында семіздік, жүрек, жүйке, қаназдық, қан айналым жүйесінің бұзылуы, тыныс алу, ас қорыту мүшелерінің сырқаттануы, құрт ауруы белең алып келеді. Осы тұста, айтатын нәрсе семіздік ауруына шалдыққан балалар арасында өздерін қоршаған ортадан психологиялық қысым көріп, ақыр-соңында  суицидтік жағдайларға барып жатқаны жасырын емес.

Қазіргі кезде мектеп бағдарламасын игеру оқушылардан ойлау белсенділігін талап етеді. Сондықтан да, олардың денсаулығы мықты болуы қажет. Бұл үшін бала ағзасына пайдалы тағамдарды тұтынуы қажет. Оқушылардың үздіксіз тұтынып жүрген тағам түрлерінің зардабы жайында ғалымдар «Доширак» кеспесін жиі қолданғандар кардиометоболиялық қатерге, тіпті инсультқа шалдығуы мүмкін деп отыр. Себебі, кеспенің формасын сақтап қалу үшін темекі өнеркәсібі мен антифриз өндірісінде қолданылатын пропиленгликоль сұйықтығы қолданылады. Ал кеспенің дәмдеуішіндегі трет-бутилгидрохинон антиоксиданты парфюмерияда, лактар мен шайырды жасап шығаруда қолданылады екен. Бұдан басқа кеспенің құрамында моносодиум глутамат (ол ақ кристалдар түріндегі тағамның дәмін күшейткіштер), натрий және А бисфенолы бар.

Зиянды тағамдардың көшін бастап тұрған чипсы жайлы да білетініміз аз. Картоптан жасалатын бұл тағамның құрамында бояғыш заттар, көмірсулар, май қосындылары кездеседі. Картоп пайдалы болғанымен чипсы жасау барысында түрлі өзгерістерге ұшырайды.Яғни, ол құрамындағы пайдалы заттарды жоғалтып, керсінше зиянды нәрселерді қосып алады екен. Мәселен, 100 грамм чипсы 510 кколорияға тең. Бұл дегеніміз баланың бір күндік нормасының жартысы деуге болады. Сол себептен де чипсы семіздік, зат алмасу процесінің бұзылуы, жүрек және аллергиялық ауруларға шалдықтырады. Чипсидың құрамынан дәрумен мен минералды заттарды табу мүмкін емес.

2007 жылғы наурыздың 30-ындағы №12 Қаулыны негізге алған еліміздің санитар мамандары газдалған және энергетикалық сусындарды, майға қуырылған картопты, чипсиды мектеп асханаларында сатуға тыйым салынғандығын айтудан жалығар емес. Бұл талап қаншалықты орындалып жатыр. Облыстағы кейбір мектептердің асханаларында тіпті шұжықпен қосып, шұлықты да сату үйреншікті әдетке айналғандай. Мұндай масқара жағдай жуырда өткен облыстық тұтынушылар құқын қорғау департаментіндегі “дөңгелек үстел» барысында мәлім болды. «Әттеген-айы» аталмыш мекеме асханаларда болып жатқан келеңсіздіктерді тек шағым түскен кезде ғана тексереді екен. Сондай-ақ, мектептердегі асханаларда азық-түліктің сақталуы, ас мәзірі көңіл көңшітерлік дәрежеде емес.

Әрбір оқушының бір күндік тамағына 161 теңге жұмсалып келген болса, қазір ыстық тамақ құны әр оқушыға шаққанда 263 теңге болып белгіленді.

Ал сол 263 теңгеге бала не ішіп жүр? Оқушы тамағының талапқа сай екендігін бақылауда үнемі ұстап отыра аламыз ба?

Ауру тек мектеп асханасынан келеді деуден аулақпыз. Ауаның ластануы, әлеуметтік ахуал мен психологиялық ауыртпалықтар және басқа да келеңсіз жайттар да денсаулыққа кері әсерін тигізеді. Десек те дұрыс тамақтанбаудың соңы дертпен аяқталатынына ешкім дауласа алмас.

– Мектеп жасындағы балалар күніне 4 рет тамақтануы керек. Олар – таңертеңгілік ас, түскі ас, сәскелік ас, кешкі ас. Оның үшеуін ыстық тамақ түрінде тұтыну міндетті. Оқушылардың тамақтану тəртібі оқу ауыртпалықтарына, спортпен шұғылдануына, еңбекке араласуына жəне басқа да факторларға байланысты. Оқушының қосымша сабақтарға қатысу уақытына, спорт секцияларына баруына жəне өзге де жайғдайларға байланысты өзгеріп отырады. Мұндай жағдайда оқушылардың тамақтану тəртібінің қатаң сақталынып, тамақты бір уақытта ішу əдетін қалыптастырған дұрыс. Үзіліс арасында, бесіндік асқа йогурт, жемістер, сүт өнімдерін пайдалану оқушы ағзасына оң әсерін тигізеді. Мектеп жасындағы балалар өсіп келе жатқан ағза болғандықтан, микроорганизмдердің қалыпты мөлшерде түсуін қажет етеді. Ағзаның қалыпты өсуі үшін кальцийге бай тағамдар-сүт, ірімшік, сүзбе, айран және дәруменге бай цитрустық жемістер, қырыққабат түрлерін, аскөкті пайдаланғаны жөн. Глюкоза және йодқа (теңіз өнімдері, жаңғақ, құрма)бай тағамдар мидағы қан айналымды жақсартып, ойлау, зейін қою, есте сақтау қабілетін жақсартуға оң әсерін тигізеді. Балалар тағамында мемлекеттік тізімде бар, құрамында ГМӨ, бояғыштар мен қоспалары жоқ, барлық сапа мен қауіпсіздік стандарттарына сәйкес бекітілген азық-түліктер қолданылуы тиіс. Мектепке дейінгі жəне мектеп жасындағы балалардың тағам рационына барлық негізі тағамдық азық-түлік топтары – көкөніс, жеміс пен жидек, қарақұмық, арпа, жүгері, сұлы ұны мен қоңыр күріш, кебек араласқан ұннан жасалынған тағамдар, нан, ет, балық және сүт өнімдері, тағамдық майлар, ас бұршақ болып саналады. Тек осылай болған күнде ғана баланы барлық тағамдық заттармен қамтамасыз ете аламыз, – дейді салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының маманы Лаура Байқонысова.

Ал, сіз балаңыздың не жеп жүргенін білесіз бе, ата-ана?

Лаура Сапарбекова

«Оңтүстік Рабат», №16, 22.04.2015