Әлем чемпионы атанған қос ару

Жуырда Алматы қаласында ұлттық спорт түрі – тоғызқұмалақтан Әлем чемпионаты өткенін білесіздер. Әлемдік дода біздің спортшылар үшін жемісті болды. Соның ішінде жерлестеріміз, яғни, біздің облыстың құрама сапында өнер көрсетіп жүрген тоғызқұмалақшыларымыз үмітті ақтай білді. Қос аруымыз Әсел Далиева мен Салтанат Сапарбекованы солардың қатарына жатқызуға болады.

26 жасар Әсел чемпионатта 2 алтын, 1 күміс медальға қол жеткізсе, 31 жастағы Салтанат ел қоржынын 1 алтын, 1 қола медальмен толықтырды. Осы ретте қос арумен тілдесіп, аз-кем әңгімелескен едік. Айтпақшы, қазіргі таңда екі спортшымыз Ақтөбе қаласында өтіп жатқан Қазақстан чемпионатында облыс намысын қорғауда.

Әсел Далиева, тоғызқұмалақтан әлемнің үш дүркін чемпионы
Әсел Далиева, тоғызқұмалақтан әлемнің үш дүркін чемпионы

Әсел Далиева, тоғызқұмалақтан әлемнің үш дүркін чемпионы:

«Білікті бапкер – спортшыға берілген бақ»

– Әсел, сіз үшін әлем чемпионаты қандай деңгейде өтті. Өз көрсеткішіңізге көңіліңіз толды ма?

– Әлемнің 23 елінен қатысушылар бақ сынасқан чемпионат мен үшін аса күткен сындардың бірі еді. Швейцариялық жүйе бойынша өткен жарыс тартысты болды. Қос бірдей алтыннан алқа тағып тұрып «нәтижеме көңілім толмады» дегенім әбестік болар. Тоғызқұмалақтың ең қиын түрі классикада топ жару – мен үшін үлкен бақыт.

– Әлемнің үш дүркін чемпионы ретінде біздің спортшыларымызға ең мықты қарсылас деп қай елді айта аласыз?

– Басты қарсыласымыз – Қырғызстан Республикасының спортшылары. Соңғы жылдары Германия, Моңғолия, Чехия саңлақтары да мықтылығын танытып, бізбен тең ойын көрсете алатын жағдайға жетті.

– Тоғызқұмалақ спорты республиканың қай өңірінде жақсы дамыған?

– Біздің елде тоғызқұмалақпен 100 мыңға жуық адам айналысады. Бұның өзі көп нәрсені аңғартса керек. Соның ішінде Оңтүстік пен Қызылорда өңірлерінде жақсы дамыған. Ұлттық құрамада осы екі облыс спортшыларының алар орны ерекше. Жеткен жетістіктері де ауыз толтырып айтарлықтай.

– Алғаш рет бағыңызды сынаған жарысты еске түсіріңізші…

– Тоғызқұмалақ ойнауды 6 жасымнан бастадым. Марқұм анам осы спортқа жақын еді. Үйге тоғызқұмалақ тақтасын алып келген бойда қызығушылық танытып, көршілерімді үйге шақырып, ойнап жүрдім. Әрине, ол кезде ережелерінен бейхабармын. Әйтеуір жүріс жасауды білемін. Кейін 10 жасқа келгенімде кәсіби клубқа жазылып, жаттықтым. Сол кезде әлі есімде жаттықтырушым «сенің ептілігін бар екен. Бір ай уақытың бар. Жақсылап жаттығатын болсаң, Тараз қаласында жасөспірімдер арасында өтетін додаға алып барамын» деген болатын. Бұның өзі менің қызығушылығымды одан сайын арттырып, жаттығуды күшейтуіме септігін тигізді. Небәрі бір айлық жаттығу жұмыстарының нәтижесінде чемпионатта 1-орынға қол жеткіздім.

– Спортта «бақ шаба ма, бап шаба ма?» деген ұғымның барын білеміз. Келісесіз бе?

– Әрине, кейде жолы болып, бағы жанатындар жоқ емес. Тек бағы емес, тер төккен еңбектің де берері мол екенін естен шығармау керек. Дегенмен мен үшін спортшының жеңіске жетуі оны тәрбиелеген бапкеріне тікелей байланыс-ты. Жақсы жаттықтырушы – сенің жақсы нәтиже көрсетуіңе себепші. Білікті бапкер – спортшыға берілген бақ. Маған білікті жаттықтырушы жолыққанына өте қуаныштымын. Осы ретте ол кісіге басымды иіп, алдағы уақытта соның жолын қуғым келеді.

– Арман-мақсаттарыңыздың орындалуына тілекшіміз.

Салтанат Сапарбекова, тоғызқұмалақтан әлем чемпионы
Салтанат Сапарбекова, тоғызқұмалақтан әлем чемпионы

Салтанат Сапарбекова, тоғызқұмалақтан әлем чемпионы:

«Әкемнің арманы еді»

– Салтанат, әлем чемпионатынан алған әсеріңіз туралы айта кетіңізші… Жалпы қол жеткізген нәтижеңізге көңіліңіз толды ма? Әлде, әттеген-ай деген тұстар болды ма?

– Мен үшін әлем чемпионатында өнер көрсету таңсық жағдай емес. 2010 жылы Астана қаласында өткен алғашқы әлем чемпионатында бағымды сынап, классикадан 2-орынды, блиц түрінен 3-орынды иелендім. Екінші рет өткізілген әлемдік додада өнер көрсетуіме дайындығым жақсы болғанымен, қаржылық жағдайға байланысты өнер көрсете алмадым. Ал жақында ғана Алматыда өз мәресіне жеткен жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Әлемдік деңгейдегі додаларда топ жарып жүрген кілең мықты спортшылар бас қосты. Ойынның классика түрі мен үшін ауырға соқты. 3 сағаттан астам уақытқа созылатын бұл ойын түрі шыдамдылықты талап етеді. Блиц түрін де оңай деп айта алмаймын. Шапшаңдылық қажет. Ойын барысында әр спортшыға небәрі 7-ақ минут уақыт беріледі. Қысқасы, бұл чемпионаттағы нәтижеме көңілім толды. Мақсатыма қол жеткізе алдым. Бастысы, әлем чемпионы атандым.

– «Қаржылық жағдайға бай-ланысты жарыстан қалып қойдым» дедіңіз, демек мемлекет тарапынан бұл спортқа деген қолдау жеткіліксіз бе?

– Мемлекет тіптен көңіл бөлмейді дей алмаймын. Кім білсін, дәл сол кезде сондай жағдай болған шығар. Ал қазір қолдау бар. Жергілікті билік, басқарма, спорт мектептері тарапынан көмектер көрсетіліп келеді. Әрине, ондағыларға дән ризамыз. Тек түрлі деңгейдегі сындарда жақсы нәтижеге қол жеткізіп келген спортшыларымыз көп жағдайда назардан тыс қалып жатады. Бізді спорттың өзге түрлері бойынша топ жарған саңлақтардан кем көріп жатқаны реніш тудыратыны жасырын емес.

– Сіз үшін әлемдік деңгейдегі жарыста қай спортшы басты қарсыласыңыз болды?

– Классика түрінде бағымды сынағанымда қырғызстандық Чолпан Кендірбаева мен өзімнің жерлесім Әсел Далиевамен өткен кездесу мен үшін қиынға соқты.

– «Тоғызқұмалақ ел арасында аса танымал емес, сол себептен елдің қызығушылығы төмен» деген пікірмен келісер ме едіңіз?

– Бәлкім, тоғызқұмалақ олимпиадалық ойын қатарына енбегендіктен аса танымал емес шығар. Бірақ, бұл спортқа деген елдің қызығушылығы төмен дегенмен келіспеймін. Жыл сайын ұлттық спортқа келушілер саны еселеніп артып келеді. Біздің елде халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері де өте көп. Мұның бәрі интеллектуалды спорт түріне деген қызығушылықтың арқасы дер едім.

– Неше жылдан бері ұлттық спорт түрін серік еттіңіз? Мұндай шешім қабылдауыңызға кімдердің ықпалы болды?

– Отбасымызда 4 ұл, 1 қызбыз. Бәріміз де тоғызқұмалақ ойнауды меңгергенбіз. Әкем физик болғанымен, 20 жылдан астам осы спорт түрі бойынша шәкірт тәрбиелеумен айналысты. Екі бауырымның кәсіби мамандығына байланысты спорттан қол үзуіне тура келді. Бауырларым Сәбит пен Мәди үшеуміз әлі күнге дейін кәсіби түрде тоғызқұмалақпен айналысып келеміз. Марқұм әкем Қадырбек Ұласбекұлы менің әлем чемпионы атануымды неше жылдан бері армандап, өкінішке орай бұл қуанышымды көре алмай кетті. Өмір өз дегенін жасамай қоймайды екен. Асқар тау әкемнің әрі жаттықтырушымның орнын бауырым Сәбит басуда. Спортта білмегенімді үйретіп, бапкерлік етіп келеді. Жалпы облыс құрамасындағы спортшылардың жақсы нәтижеге қол жеткізуіне аға жаттықтырушы Камила Қаленқызының еңбегі зор.

– Ендеше, сәттілік!

Сұхбаттасқан – Жансая Тәуекелқызы