Ұлы жеңістің 70 жылдығы қарсаңында жерлестеріміз батыр қыз Әлияны ұмыт қалдырған жоқ. Оның есімін, ерлігін еске алды. Облыстық Ж.Шанин атындағы академиялық драма театры қаламгер Әкім Таразидің «Әлия» қойылымын сахналады. Бұл жолы трагедиялық туындыны тамашалауға театрға 70 жылдан астам өмірін сарп еткен халық әртісі Айша Абдуллинаның өзі келді.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=R4bKlOmZUJ8[/youtube]

18 жасар Әлия сұлудың қаннен-қаперсіз құрбыларымен сырласып, үй шаруасына көмектесіп жүрген шағы. Үйінің еркесі. Бойы мейірімге тұнған бойжеткен ол кезде гүлге қонған ара мен даладағы шіркейді ұшыруға батылы бармайтын.

Өліммен бетпе-бет келген өрімдей қыздың рөлін жас әртіс Жәудір Сарыпбекова сомдады. Театрда 6 жылдық тәжірибесі бар өнер иесі елге танымал кейіпкерді ойнауда алғашында жүрексінгенін жасырмады.

8100

Жәудір Сарыпбекова, облыстық Ж.Шанин атындағы академиялық драма театрының әртісі: «Менің кішкентайым бар, сондықтан рөлдің текстін сахнада, дайындық кезінде қатар алып жүріп жаттадым. Әрине, қиынға соқты. Бірақ менің Әлияға ұқсас жерлерім бар. Мысалы, бұл пьесада Әлияның нәзік жағын көрсеттік, менің де жаным нәзік деп ойлаймын. Бірақ оның бойындағы ерлікке келгенде тағы да үлкен күш жұмсадым, дайындалдым. Ең бастысы, халыққа батыр қыздың бойындағы қасиеттерді жеткіздім деген сенімдемін.»

8099

Трагедиялық қойылымның оқиға желісі бойынша Әлияның ағасының туған күнінде майданға аттануы баяндалады. Соңынан 18 жасар қыз да өз еркімен сұранып, ағасының соңынан ереді. Соғыс алаңында бойжеткен құралайды көзге атқан мергендігімен танылды.

Жауынгерлер арасында жүріп ағасының жолдасы, өзінің ғашығы Ерлан Таймановты кезіктіреді. Шығарманың қоюшы-режиссері Иманәлі Сапаровтың айтуынша, еңбекте басты кейіпкердің жанын мейлінше нәзік етіп көрсетуге тырысқан.

Иманәлі Сапаров,  облыстық Ж.Шанин атындағы академиялық драма театрының режиссері: «Басында автордың берген қуыршақпен ойнайтын жері, қуыршақты бесікке бөлеп, қазақтың салт-дәстүрін анау қасындағы орыс қызға айтатын кездері бар еді. Бірақ оның барлығын қысқарттым, себебі уақыт шектеулі болды. Көрініс 2 сағаттық болып кетпесі үшін, қысқартуға тура келді».

Тарихи шығарманы тамашлауға жиналғандардың да қарасы қалың. «Әлияны» көруге өмірінің 70 жылын сахнаға арнаған халық әртісі Айша Абдуллинаның өзі келді.

Айша Абдуллина
Айша Абдуллина

Айша Абдуллина, ҚР Халық әртісі: «Қойылымды көріп отырып, көз алдыма соғыс елестеді. Әрбір рөлдің өзінің жүгі бар, маған Әлияны сомдаған әртістің шеберлігі ұнады. Негізі, спектакльдегі жас әртістердің белсенділігін байқадым. Жастарға қуат берсін, біздің орнымызды басып, театрдың белгілі әртістерінің қатарынан көрінсін. Атақ, орден, медаль алсын. Себебі әртіс мамандығын арқалаған адамға оңай емес! Енді жас әртістер есейіп, тәжірибе жинап, той жасағанда мен де аман болсам, келемін. Қуанышына ортақтасамын!»

Театр ұжымы 4 ай бойы дайндылған бір жарым сағаттық спектакльдің соңы Отанын фашизмнің құрсауынан құтқару жолында қыршынынан қиылған Әлиямен аяқталды.