Түлкібас ауданындағы Машат ауылында аймағы 43 гектарды құрайтын «Ет Өнімдері KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ет өңдейтін кешені ашылып, ел игілігі үшін қызмет көрсетуде. Бұл туралы аудандық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлайды.

003

Жалпы құны 2 млрд 500 млн теңгені құрайтын бұл кешенде 3000 басқа арналған мал бордақылау алаңы мен 5000 мыңға жуық ірі қара мен ұсақ мал басы сыятын мал базары жұмыс істеуде. Халал ет өңдейтін бірыңғай кластер құру мақсатында алдағы уақытта бұл кәсіпорын басшылары мал соятын және ет өңдейтін комбинатты іске қосуды жоспарлап отыр.

Аталған кешенде ветеринарлық және кенеге қарсы дәрі бүрку орындары, жеңіл және үлкен жүк көліктеріне арналған автотұрақтар, асхана, қонақ үй қарастырылған.

– Алдағы уақытта мал бордақылау алаңының жобалық қуатын 6 000 басқа дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Келешекте Қазақстанның ірі қалаларын халал ет және өңделген ет өнімдерімен қамтамасыз ететін дистрибьюторлық орталыққа айналдыру мақсатымыз бар, –дейді кәсіпорын басшысы Б.Идияев.