Жақсы келін қызыңдай…

Қазақта: «Жақсы келін – келін, жаман келін келсап» деген сөз бар. Әркім де әулетіне түскен келіннің жақсы болғанын қалайды.  Отбасында ене мен келін сыйластығының мәні ерекше екені айтпасақта белгілі. Себебі, көп жағдайда шаңырақтың шайқалмауы, отбасында береке-бірліктің кең өріс алуы ене мен келінге тікелей байланысты.

Менің түскен шаңырағымда екі бірдей апа болды. Бірі күйеуімнің туған анасы болса, екіншісі қайын атамның екінші әйелі еді. Бәріміз бір шаңырақта тұрдық. Басында бәрі де қиын болды. Бірінің көңілін тапсам, екіншісі қабақ шытатын. Тіпті, кейде: «Әй, қатын, әкел ананы… тарт мынаны!» деп бұйырып сөйлейтін кездері де болды. Мұндай кезде: «Міне, апа… тағы не керек?..» деп қиылып тұратынмын.

Үлкен апам уақыт өте ойлана бастады. «Құдай-ау, мына сорлыға неге ұрса берем? Сонша не жазып еді?..» деп өзін-өзі ақылға шақырды, білем. Бір күні мынадай оқиға болды. Тістей қатып отыратын енем мені шақырып алды да, аузында өмірбақи баданадай құлып тұратын сандығын ақтарып жатып: «Мынау білезік, мынау жүзік, бәрі сенікі, мен оны көрге алып кетеді ғой дейсің бе,  тағып ал, әдемі болып жүр, қарғам…» деп, елжіреді. Сонда білдім енемнің маған деген көзқарасының өзгергенін. Бұрын соңды анам құлағыма құйған ақыл-кеңестер есіме түсті. Содан кейін енелеріммен қарым-қатынасым нығайып, сырласына айналдым.

Зейнеп Ахметова, Бауыржан Момышұлының келіні:

– Кез келген әйелдің қолынан ене болу келеді, ана болуға тырысу керек. Әрине, өзінің туған анасындай болмайсың. Бірақ, сен солай болуға тырыс. Өйткені, ол енді сенің әулетіңді көбейтеді, ары қарай сенің ісіңді жалғастырады, сенің отыңды жағады, сенің қазаныңды ұстайды. Олай болса, бұл жерде келіннің рөлі деген өте үлкен. Ертеректе келін от жаққан. Мұның өзінде үлкен мән бар. Неге отты келінге тапсырды? Ол жай ғана қарапайым жұмыс емес. «От бар жерде  –  өмір бар» дейді. Енесін жамандайтын келіндерге айтарым: «Енелерің аяғы жерге, басы елге сыймайтын сұмырай болса да, оның бір артықшылығы бар. Ол – сен басыңды жастыққа бірге қойған, сен жақсы көрген жігітті өмірге әкелген адам». Сен енеңді сол үшін сыйлауың керек.

Менің ойымша, қай ене болса да, өз келініне ыстық ықыласпен мейірімін төгіп, кем-кетіктерін әдемі сөздермен жайлап түсіндірсе, ол үйде ырыс, бақ-береке де болатынына күмәнім жоқ. Қалай дегенде де, қыз жат-жұрттық. О, баста Алла тағала қыздарды солай жаратқан. Шынында да, әйел адам жанұяның бар ауыртпалығын мойнына іліп алып, түн ұйқысын төрт бөліп, жылаған баласын емізіп, бесігін тербетеді. Мезгілімен ас әзірлеп, ата-енесі мен күйеуінің бабын тапқысы келеді. Кейбір есерсоқтау келген күйеулерінің де ауыр сөзін көтеруіне тура келеді. Осындай сәттерде үлкендер жағы келіннің «жақсылығын асырып, жамандығын жасырғаны» жөн. “Келіні жақсының керегесі алтын”. Ендеше, келіндеріміздің әдепті, инабатты болғанын тілейік!

Айымкүл

қала тұрғыны

«Оңтүстік Рабат», №20, 20.05.2015