«Мәдениетім — мерейім» байқауының кезекті кешін кентаулықтар өткізді. Кенді қаланың өнерпаздары әсем әндерін айтып, сахнаны әнмен тербеді. Ал қолөнер шеберлері шаһар тұрғындарына мың көркем туындыларын таныстырды.

Шұхрат Исақов — ауған ұлтының өкілі. Сахнаға көтеріліп, көпшілік алдында туған тілінде ән орындады. Өнерпаздың айтуынша, Қазақ елі — оның туған жері, сондықтан кейіпкеріміз өз ұлтының ғана емес, кенді қаланың өнер-мәдениетін паш етеді.

 

Шұхрат Исақов, өнерпаз: «Бұл — «Ауған үбабы» деп аталатын сазды аспап. Ұлттық нақыштағы аспапта бала кезімнен бері шебер ойнаймын. Әрине, қазір сайыс болған соң, аздап қобалжу бар. «Мәдениетім-мерейім» байқауы біздің мәдениетіміздің, төл өнеріміздің, салт-дәстүріміздің ұмыт қалмай, қайта жаңғырып, насихатталуына сеп болып жатыр. Қуаныштымын».

Кентаулықтар көрмеге жыл бойы дайындалған, көрмеден көшпелі халықтың тынысын байқауға болады. Қара үй-баспана мен ұлттық нақыштағы киім-кешектер, қолөнер бұйымдары қойылған. Тіпті кентаудағы мүгедек жандардың қолынан шыққан туындылар да осында.

Айгерім Мәкеева, қолөнер шебері: «Домбыра, қобыз сынды дүниелердің ең көнелері мен бүгінгі қолданыстағыларын әкеліп отырмыз. Мектеп оқушылары жасаған туындылар да бар. Еңбекке баулу сабағында олар түрлі дүниелерді жасап үйренеді».

Өнер байқауынан кентаулықтардың жас пен жасамысы да шет қалған жоқ. Олар Қазақ хандығының тарихын, халықтың өткен дәуірін еске салар қойылымдарды сахналады. Бұған қоса жиналған көрермен қауым жеңістің 70 жылдығына арналған көріністерді тамашалап, бағалауға мүмкіндік алды.

Осылайша кенді қаланың өнерпаздары облыстық «Мәдениетім -мерейім» байқауын қорытындылады. Ал жеңімпаздардың есімі 6 шілде күні жарияланады.