Бес күнде 2000-ға жуық заң бұзушы анықталды

326
Рейд

Оңтүстіктің полицейлері «Заңсыз келуші -2015» жедел алдын алу іс-шарасы барысында көші-қон заңнамасын бұзудың 2000-ға жуық жайтын анықтады. Бұл рейд 28 қыркүйек пен 2 қазан аралығында облыс аумағында өткен болатын.

"Келімсек-2015" рейдіМұндағы мақсат – ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше мемлекеттердің аумағында үшінші ел азаматтарының заңсыз көші-қонына және адам саудасына қарсы іс-қимыл жасау. Рейд шеңберінде полицейлер шетелден келген азаматтардың уақытша тұрған мекендерін, өнеркәсіптік аймақтарды, құрылыс нысандарын, адамдар көп жиналатын қоғамдық орындар – базарлар, дүкендер, автотұрақтар, сондай-ақ, саяжай қоныстарын тексерді.

Соның нәтижесінде 1939 құқық бұзушы анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оның ішінде  1760-ы шетел азаматы болса, 179 адам – Қазақстан Республикасының тұрғыны.

Полицейлер 325 азаматқа айыппұл кесіп, 414 құқық бұзушыға қатаң ескерту жасалды. Ал 1067 шетел азаматы әкімшілік қамауға алынды. Соттың шешімі бойынша 133 келімсек елімізден тыс жерге шығарылды. Ал 689 шетелдіктің Қазақстан аумағында жүру мерзімі қысқартылды.

Сонымен қатар қайыршылықпен айналысқаны үшін 22 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, елден аластатылды. Шетелдік жұмыс күшін пайдалану ережелерін бұзған және тұрғын үймен заңсыз қамтамасыз еткені үшін 179 Қазақстан азаматы әкімшілік жауапкершілікке тарталды.