Шымкентте Қазақстан Халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай, патриоттық әндер байқауы өтті. Өнер бәсекесіне өңірімізден 20 этно-мәдени орталықтың өнерпаздары мен өзге де ұлт өкілдері жолдама алған. Туған елге деген құрмет-ықыласын таланты арқылы паш еткен үміткерлердің өнеріне жиналған жұртшылық тәнті болысты.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=4ve0GIopx50[/youtube]

Екатерина Стиславская — «Патриоттық әндер» байқауының қатысушысы. Жас өнерпаз сахна төрінде «Алтын Бесік » атты әнді шарықтай шырқады. Қазақ тілін жетік меңгерген қатысушының айтуынша, сайысқа түсер шығарманы таңдау қиынға соққан.

Екатерина Стиславская
Екатерина Стиславская

Екатерина Стиславская, қатысушы: «Сайысқа бір апта бойы дайындалдым. Бірақ, ән таңдау маған оңайға түскен жоқ, себебі туған жеріме деген құрмет пен оған деген махаббатымды әнге арқау ету мақсаты тұрды, алдымда. «Алтын бесік» әнін орындағанда көз алдыма қазақтың кең даласы, ондағы жасыл желектер, табиғаты мен байлығы, қазақтың төл тұрмысы елестеді. Ең бастысы, жүрек түбінде жатқан сезімімді ән арқылы жеткіздім деп білемін».

Өнер бәсекесіне өңірімізден 20 этно-мәдени орталықтың өнерпаздары мен өзге де ұлт өкілдерінен 20 өнерпаз жолдама алған. Ән додасына белгілі сазгер Құралай Сәтмұхамбетова бастаған топ қазылық жасады. Ал облыс әкімдігіне қарасты «Қоғамдық келісім» мекемесі басшылығының айтуынша, сайыс қатысушыларына қойылған талап — жоғары. Бірақ олардың кәсіби білімі болуы қажет емес.

Ерлан Байқонақов, облыстық «Қолғамдық келісім» КММ басшысы: «Жас ерекшелігі де ескерілмейді, яғни қатысушылардың жасына шектеу жоқ. Әрине сахналық киімі мен мәдениетіне баса назар аударылады. Десек те, байқауда өнерпаздыңтуған жеріне деген сүйіспеншілігі мен орындаушлық шеберлігі ерекше ескеріледі».

Сонымен Қазақстан Халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай шаһарымызда қолға алынған патриоттық әндер байқауының бас жүлдесін өзбек этно-мәдени орталығының өкілі Миркомал Заббарханов жеңіп алды. Бірінші орынды Бәйдібек ауданының өнерпазы Қуат Қасенов еншіледі. Өзге қатысушыларға тұрмыстық техникалар тарту етілді.