Тұрғындардың шырқын бұзған ретсіз сауда

246
Ретсіз сауда

Шымкентте ретсіз сауда тұрғындардың шырқын бұзды. Олардың айтуларынша, Қазиев көшесіндегі құрылыс материалдары сатылатын дүкен иесі көпшіліктің пайдалануына берілетін жерлерді қоршап алған. Қаптаған көліктер жол қозғалысына кері әсер етіп, сауда-саттық мазамызды алып бітті дейді жергілікті халық.

Ретсіз сауда

Жергілікті тұрғындардың кәсіпкерге өкпесі қара қазандай. Мұнда жазда цемент пен құмның күн суыта көмірдің саудасы қызады. Тұрғындар мұндағы сауда-саттық қоршаған ортаға залалын тигізіп жатыр дейді. Айналасы қоқысқа айналып жатқан сауда орны көшені де ластап біткен. Жабайы базардан аяқ алып жүруден қалдық дейді халық.

Жүк тасымалдауға арналған техникадан бастап мұнда күн сайын көліктің түр-түрі кіріп шығады. Қатынас күннен күнге қиындап, қауіпті болып барады дейді тұрғындар. Айтуынша, ауыр жүк көліктері осындағы жергілікті халықтың жолға төсеген тасынан да түк қалдырмай барады.

«Бөліп ал да билей бер.» Кәсіпкер көпшіліктің пайдалануына берілген жерлерді де асфальттап, өзіне ыңғайлап алыпты. Жаяу жүргіншілер жолын бұза жарып, көліктердің кіріп-шығуына жағдай жасаған. Тіпті, аялдаманы да әудем жерге көшіріп, ай-шай жоқ бизнесін дөңгелетіп отыр.

Көршілердің қырғи-қабақ жанжалы үш жылға жалғасып келеді. Ал кәсіпкер өзінің заң аясында әрекет жасап отырғанын айтады. Қоршауға алып отырған жер телімінің де тиісті құжаттары барын жеткізді. Алайда, неге екені белгісіз, рұқсат қағаздарын не тұрғындарға, не тілшілерге көрсетуге құлық танытпады.

Қазиев және Мейірбеков көшелерінің қиылысындағы бұл сауда орны Әл Фараби ауданына қарасты. Қазір жауаптылар кәсіпкердің жерді қаншалықты мақсатты пайдаланып отырғанын анықтау үшін тексеру шараларына кірісіп кетті.

Істің ақ-қарасы енді бір айдан кейін анықталады. Жауаптылар қандай да шикілік шықса, кәсіпкерге тиісті шаралар көрілетініне уәде етті.