«Тозақ шеңбері». Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры жаңа 82-маусымының шымылдығын осындай тақырыптағы қойылыммен ашты. Жұртшылықтың жүрегіне жара салған, елдің басына туған азалы күндер баяндалатын шығарманың авторы — Сәбит Досанов. Қоюшы режиссері — Қуандық Қасымов. Желтоқсан оқиғасы бүкпесіз көрініс тапқан премьераны тамашалауға көппен бірге, облыс әкімі Бейбіт Атамқұловтың өзі келіп, бағасын берді.

Саңырау билік, қатыгез қоғам, қыршынынан қиылған жастар, Тәуелсіздік таңына ұмтылу… Мұндай жантүршігерлік жағдай Желтоқсан оқиғасынан көрініс тапты. Тіпті өрімдей қаракөз қыздардың да солақай саясаттың жанды ойыншығы айналып, құрыш қамалға жабыла құрбан болған кезін де көпшілік көре алды.


Көрермен Кеңес үкіметінің отаршылдық бодандығына баса көктеп наразылық білдіріп, қазақ жастарының намысын қорғаған Қайраттың қадамына да куә болды. Ал спектакльде басты жауапты рөлді сомдау театрдың жас әртісі Олжас Мұсабековке жүктелген.

Олжас Мұсабеков, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының әртісі: «Расында үлкен қобалжуды сезіндім. Қайраттың болмысы мен үшін үлкен жауапкершілікті жүктеді. Құдай сақтасын, еліміз тыныш болсын! Бірақ, ел басына дәл осындай күн туса, мен қай кезде де тәуелсіздік, елім мен жерім үшін Қайраттың қадамына баруға бармын! Дайынмын!»

 

Ал «Тозақ шеңбері» туындысының авторы Сәбит Досановтың айтуынша, шығарманы жарыққа шығарып, оны көпке ұсынудың оңайға соқпағанын айтады.

Сәбит Досанов, жазушы: «5-6 күн ойланып, 10 күнде жаздым, осылайша 20 күнде өмірге келген пьеса — бұл. Желтоқсан оқиғасынан кейін, сол арада жазылған еңбегім ғой енді. Бірақ түрлі жағдайларға байланысты кейбір театрлар сахналауға қорықты, енді бірінің күші жетпеді. Менің осы қойылым арқылы жеткізгім келгені — Тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ, егемендіктің бағасын білейік деген ой. Ең бастысы, осы менің көксеген ойым көпшілікке жетті. Режиссердың еңбегін ерекше атап өткім келеді».

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=J_dN1ZNM-SQ[/youtube]

Трагедиялық спектакльді дайындау үшін ұжым 1 ай уақытын тер төккен. Оған ұжымның 35 әртісі жұмылдырылыпты. Ал ат төбеліндей мәртебесі бар академиялық театрдың еңбегін тамашалаушылар қатарында облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов та болды.

Бейбіт Атамқұлов, облыс әкімі:«Жас актерлар жақсы ойнады, өте керемет, әсерлі. Елде өз идеясын сатпаған жастар, үзілген махаббат — соны көрдім сахнадан. Керемет спектакль, керемет пьеса. Сол үшін авторы Сәбит ағаға мың да бір рахмет деймін!»

12036942_952553968124627_8093855719930882516_n

11222469_952553994791291_2501194827603227512_n

Спектакль соңында жындыханаға жабылған Фатима ғашығы Қайраттың ауыр қазасын көтере алмай, есінен адасып, көрерменнің көзіне жас ұялатты. Ал облыс басшысы мінбеге шығып, театрдың көрімдігі ретінде ұжымға жеке автобус сыйлады

 

Фотосуреттерді түсірген — Әйгерім Бегімбет