Шымкентке есірткі сатуға келген тәжік азаматы ұсталды

317

Шымкентке есірткі затын тасымалдауға келген шетел азаматы ұсталды. Облыстық ішкі істер департаментінің есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Қырғызстан-Қазақстан шекарасы арқылы контрабандалық жолмен өткен 33 жастағы Тәжікстан азаматының қолына қаладағы базарлардың бірінің маңында кісен салды.

Полицейлер ұсталған азаматтың қолындағы сөмкесін тексеру кезінде 4 полиэтилен пакетке оралған ұнтақ тауып, тәркілеп алды. Сот-криминалистикалық сараптаманың нәтижесінде тәркіленген есірткі заттарының жалпы салмағы 100 грамм героин және 200 грамға жуық шикі апиын екені анықталды.

Ұсталған азаматтың бойынша, ол Тәжікстанда сатып алған есірткіні Оңтүстік Қазақстан облысына жеткізіп, сатуды көздепті. Ары қарай жедел іздестіру іс-шарасы барысында полицейлер осы есірткіні сатып алмақ болған Мақтаарал ауданының 55 жастағы тұрғынын да ұстады.

Аталған жайт бойынша қылмысты кодекстің 286-бабы (Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың конрабандасы) бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Қазіргі таңда барлық қажетті тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынған.