Úı Jańalyqtar Көксәйекке көгілдір отын келді

Көксәйекке көгілдір отын келді

Төлеби ауданының Көкәйек аулына газ берілді. 30 мыңдай халқы бар ауыл бұған дейін көгілдір отынсыз отырған. Тәуелсіздік күні қарсаңында табиғи отын құбырын аудан әкімі салтанатты түрде ашып, пайдалануға берді.

Кеңес одағынан бері көмір тасып, күл шығарып келген ағайынның көңілі шат. Ауылға табиғи отын жеткізіліп, құбыры пайдалануға берілетінін естіп, салтанатты шараға көптеп жиналған. Көпшілік көгілдір отын құбырын қосып, бірін-бірі құттықтап жатыр. Әсіресе, ауыл келіншектері қуанышты. Қара күйеден арылатын күннің жеткеніне тәубе етеді.

Үйіне кіргізілген газға шай қайнатып, көпшілікке ұсынған ауыл тұрғындарының бірі — Орынкүл Қонаева. Көксәйектік көпбалалы ана тәуелсіздік күніне қарсаңындағы тартуда дән риза. Биыл ауылдықтар үшін берекелі болғанын айтады. Жыл басында тіршілік нәрі кіргізілсе, жыл соңында көгілдіп отын берілгенін жақсылыққа балап отыр.

Орынкүл Қонаева, Көксәйек ауылының тұрғыны: «Талай жыл газсыз отырдық. Баллондағы газға тамақ пісірдік, оның бағасы тым қымбат. Біз сияқты зейнеткерге өте ауыр тиеді. Ал енді көптен күткен көгілдір отын келді. Қазіргі келіндер бақытты. От жағып, күл тасымайтын болды. Рахмет, билікке рахмет!»

 

Көксәйекке көгілдір отын мемлекет қаржысы есебінен тартылған. Құрылыс жұмыстарын «Жигита» серіктестігі жүргізген. Көшеге дейін құбыр тартып, әр үйдің алдына жәшігін орнатып берген мердігер компанияның тірлігі осымен тәмам. Ал көгілдір отынды үйді-үйге кіргізу енді тұрғындардың өз есебінен жүргізіледі. Бірақ оның құнын шарықтатпауды аудан әкімі өз қадағалауына алмақ.

Әуелхан Тұрғынбеков, Төле би ауданының әкімі: «Біздің ауданда газды үйге кіргізу құны 40-45 мың теңге болатын. Ал қазір доллар бағамы өсіп, дағдарыс қыспаққа алғалы оның құны да өсті. Әр отбасы 60-65 мың теңгеге үйге кіргізе алады. Мен бұл соманы халық қалатасы көтереді деп ойлаймын. Естуімше, өзге аудандарда газды үйге кіргізу құны бізден екі есе келеді».

Әкімнің айтуынша, енді екі жылдан кейін төлебиліктер толық табиғи отынмен қамтылады. Ал қазіргі көрсеткіш 82 пайызды құрап отыр. Яғни ауданның қырыққа жуық елдімекенінде көгілдір отын бар деген сөз.

[youtube]https://youtu.be/x7T39zUOhwc[/youtube]

Exit mobile version