Шымкент жұртшылығы тұңғыш Президент күнін мерекеледі

772

Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті күнін ынтымағы мен бірлігі жарасқан Оңтүстік жұрты да жоғары деңгейде атап өтті. Шымкенттегі тәуелсіздік саябағында ұйымдастырылған мерекелік шарада ұлт көшбасшысының елге сіңген еңбегі баяндалды. Азат елдің жетістігі айтылды.

Бір шаңырақ астына ұйыса білген Оңтүстік халқы елдегі тыныштық пен бірлік Елбасының сындарлы саясатының нәтижесі деп біледі. Шымкенттіктердің бұл мерекені дәл осы жерде атап өтуінің де өзіндік сыры бар.

Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай бой көтерген саябақты Елбасының өзі ашқан еді. Бұл жер көне қаланың орны болған деген де тарихи дәйектемелер де бар.

Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті күніне арналған мерекелік шарада өңірдегі ұлт пен ұлыс өкілдері бірлесіп, ән салып, би биледі. Еліміздің болашағы баянды болсын деп тіледі. Бұл күні қыстың алғашқы күні болғанына қарамастан, Оңтүстікте ауа райы жылы болды. Сынап бағанасы, тіпті, 15 градустан асып кеткендей. Мерекеге жиналған жұрттың көңіл-күйі де жоғары.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Аружан Құлбай еліміздің тұңғыш көшбасшысына арнаған өлеңін сахнада көрермен қауымға оқып берді. Көрермен қошеметтеді, сүйсінді, себебі бір өлеңнің төңірегіне жас бойжеткен туған жердің дархан даласы мен Қазақстан Республикасының қалыптасуы және онда Елбасының рөлін толық сыйдырған.

Аружан Құлбай: «Бұл мемлекеттік мереке елімізде 3 жылдан бері тойланып келе жатқан болса, мен алғаш рет осындай үлкен дейгейде атап өтіп жатырмын. Елбасымыздың салиқалы саясатының нәтижесінде жастар еркін білім алып, өркендеп өсуімізге жағдай жасалды. Сондықтан, барлық мектеп оқушылары атынан Елбасымыз Н.Назарбаевқа шексіз алғысымызды білдірмекпін. Ал қала тұрғындары және қонақтарын осындай атаулы күнмен шын жүректен құттықтаймын!»

Бұл мереке бұрынғыдан өзгерек. Себебі тек ән-күй, бимен ғана шектеліп қалмаған қала тұрғындары, өнерлі жастар Елбасы үшін арнайы жасаған туындыларын ел назарына ұсынды. Сондай-ақ, Н.Назарбаевтың өмірі мен жүріп өткен баспалдақтарынан сыр шертетін кітаптар да мерекелік көрменің көркін ашуда.