Тасыған су тұрғындары абыржытты

290

Шымкенттіктерді жаңбырлы күн әбігерге салды. Аз ғана жауын Өтегенов көшесінің тұрғындарының жүріп-тұруын қиындатқан. «Жаңаша» моншасының алды суға толып, оны сорғылау жұмыстары таңғы сағат 4-тен басталған. Сала мамандарының айтуынша, шаһарда тап осындай су жиналатын сегіз орын бар.

Өтегенов көшесіндегі жауын суын тазалау «ЛТД тұрмыс» мекемесінің жұмысшыларына жүктеліпті. Арнайы көлік жүргізушілерінің айтуынша, жауынды күндері бұл жерден 60, тіпті, 100 автокөлік су тасылады екен. Мәселенің бәрі ирригациялық жүйелердің дұрыс жұмыс жасамауынан туындаған. Арғынбеков пен Төлеметов көшелерінің бойымен ағып келген судың бәрі осы сайға жиналып, көлшік пайда болады.

Жүріп-тұруы қиындаған тұрғындарды айтпағанда «Жаңаша» моншасының иелері осы мәселесін шешіп беруді өтініп, бармаған жері, қақпаған есігіміз қалмады дейді. Өздері сайлаған қалалық мәслихат депутатынан қолдау таапаған кәсіпкер Астанаға да хат жолдап үлгерген. Әзірге мәселенің шешілер түрі жоқ, жауын суымен өздері алысып келеді.

Жауын суының астында қалатындарға бірінші болып төтеншеліктер көмекке келеді. Мамандар бұл шағынаудан тұрғындарынан көптеп қоңырау соғылатынын айтып отыр.

Ал жергілікті әкімдік өкілдері көше суы жуық арада сейілетінін, мәселенің түбегейлі шешілетінін мәлімдеді. Айтуларынша, «Су ресурстары маркетингі» серіктестігі жиналған суды коллекторға қосуға келісімін беріпті. Енді арнайы жоба әзірленеді деп отыр. Ал оған дейін «ЛТД тұрмыс» мекемесінің жұмысшылары толған суды таси тұрады.

Нұрлан Жаңабай