Әлеуметтік азық-түлік бағасы тұрақты

328
Әлеуметтік тауарлар

Күнгейдегі азық-түлік бағасы тұрақты. Оның шарықтамауын облыс әкімдігі жанынан құрылған тұрақтандыру қоры комиссиясының өкілдері жіті қадағалауда.

«Шымкент әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» қордағы өнімдерді түгелдеп, үлестіріп отырады. Жауаптылардың айтуынша, ең қажетті азық қоры жеткілікті. Ал сұранысқа ие өсімдік майының бағасы белгілі болған соң ғана, сатылымға шығарылады.

Әлеуметтік тауарлар

Сатушылардың бірі Тағабай Әбдірайымов жаңа өнімдерге тапсырыс жасауда. Өйткені өткен демалыста азық-түліктің басым бөлігі сатылып кеткен. Әсіресе 190 теңгеден сатылған құмшекерді тұрғындар талап кетіпті. «Жаңа шаһар» шағынауданының тұрғындары әлеуметтік бағаға әбден үйренген. Күнделікті тұтынатын тауарды осында сатып алуды әдетке айналдырыпты.

Тұрақтандыру қорынан жеткізілетін әлеуметтік бағадағы азық базар бағасын реттеуге едеуір үлесін қосып отыр. Сондықтан болар, ең қажетті тауардың бағасы қалта көтетерлік.

Махаббат Нышанова, базар сатушысы: «Арнайы көлікпен әлеуметтік бағада азық-түлік сатыла бастағаннан бері саудамыз мәз емес. Бағасын да көтере алмаймыз. Өйстек, тұтынушыларымыздан айрыламыз. Сондықтан тауарымыздың үстінен 5-10 теңге ғана қоюға мәжбүрміз.»

Олжас Бақтыбаев, «Бағаны нарықтың өзі реттейді. Оған қоса жағдайды тұрақтандыруды «Шымкент әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» өз міндетіне алған. Күнделікті тұтынатын тауарлардың көлемін толықтырып, арнайы комиссияның бекіткен бағасымен босатып отырады. Мәселен, былтыр қараша айында қосымша 400 тонна пияз сатып алынған. Қоймада қазіргі таңда 8 317 тонна өнім бар. 200 мың литр өсімдік майы жақын арада сатылымға шығарылады.»

Тұрақтандыру қоры тарапынан 2014-2015 жылдары 19 100 тонна азық түлік тауары мен 400 мың литр өсімдік майы сатып алынған болатын. Бүгінде 2 000 мың тоннадан астам картоп, 831 тонна пияз, 274 тонна сәбіз, 2 000 тонна құмшекер, 90 тонна макарон өнімдері мен 236 тонна күріш сатылған. Облыс бюджетінен бөлінген 1 миллиард теңгеден астам қаржыға азық-түлік қорының жеткілікті қоры жасалған. Сондықтан бағаның шарықтауына еш себеп жоқ дейді жауаптылар.

Шынар Оразова