Кілем өндірісіне қажетті барлық шикізат Оңтүстікте дайындалады

213
Кілем фабрикасы

Облыс аумағында кілем өндірісіне қажетті барлық шикізат дайындалады. 2015 жылы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағындағы «Бал текстиль» ЖШС кілем тоқу фабрикасы үшін жылына 4 мың тонна полипропилен жіптерін шығаратын өндіріс орны іске қосылған болатын.

Фабрика болашақта жұмыс орындарын көбейтумен қатар, кәсіпорын қуаттылығын 8 мың тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Жобаға 1,7 млрд. теңге инвестиция тартылды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Кілем фабрикасы

Өндірісте аталған сала бойынша бельгиялық, француздық және германиялық өндірушілердің заманауи жабдықтары пайдаланылады.  Кілем тоқу саласында жетекші орынға ие Бельгияның Wandewielle компаниясының жабдықтары тоқыма өндірудің негізгі желісі ретінде қолданылып, француздың Superba, немістің Neumag және Volkmann фирмаларының жіпті керу және бұрау жабдықтары орнатылған.

Осы полипропилен жіп иіру фабрикасы іске қосылмай тұрып «Бал текстиль» ЖШС жіпті Түркия, Бангладеш және Индонезиядан әкелуге мәжбүр болған еді.

Бұл жоба тек Оңтүстік өңіріне ғана емес, жалпы еліміз үшін бірегей болып табылады. Себебі еліміздің аймақтарында бірінші рет кілем тоқуға арналған синтетикалық жіптерді шығару өндірісі жолға қойылып отыр.  Осылайша, Оңтүстік Қазақстанда шығарылатын кілемдер 100 пайыздық қазақстандық қамту үлесіне қол жетті.

Екі жылға жуық уақыт ішінде «Бал текстиль» ЖШС өзін кілем нарығында табысты кәсіпорын ретінде көрсетіп, өзін дәлелдеді. Осы уақыт аралығында компанияда құны 3 млрд теңге болатын 3,5 млн шаршы метр кілем тоқылған.