Шымкентте «Көктем-2016» командалық-штабтық оқу жаттығуы өтті

Шымкентте Қошқар ата өзенінің су деңгейі көтеріліп кетті. Соның салдарынан Өтегенов көшесіндегі үйлерді су басып, тұрғындарды әбігерге салды. Оқиға орнына тез арада төтенше жағдай қызметкерлері мен тәртіп сақшылары шақырылып, коммуналдық сала қызметкерлері де қауіптің бетін қайтаруға атсалысты.

чс

Бұл — қаламызда өткен «Көктем-2016» республикалық командалық-штабтық оқу жаттығуының сценарийі болатын. Төтеншеліктер бастаған арнайы топ оқиға орнына дер кезінде жетті. Жедел құтқару жасағы суға батқан тұрғынды алып шығып, оған алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Арнайы топ бұл сәтте халықты қауіпсіз жерге көшірді. Оқу-жаттығуға сарбаздар да жұмылдырылды. Олар су тасқынын бетін қайтаратын дамбаларды әзірлеуге кірісті.

Коммуналдық сала қызметкерлері арнайы техникалардың көмегімен каналдың арнасын тазалап, тереңдету жұмыстарына кірісті. Бұл шаралар су деңгейін төмендетіп, қауіптің бетін қайтарады.

Ірі көлемдегі оқу-жаттығуға 100-ден аса адам мен 20-ға жуық техника жұмылдырылды. Шараның бұл аумақта өтуі де тегін емес. Себебі, осы маңайда жыл сайын жауын-шашынды көктем, күз мезгілдерінде су тасқыны орын алады. Сондықтан төтеншеліктер бұл Қошқарата өзені бойлаған бұл аймақтағы жер телімдерін қайтарып, су қорғау аймағына айналдыру керек дейді.

Нұржановтар отбасының қауіпті аумақта тұрып жатқанына 10 жылдан асып барады. Жертөлеге өткен судан баспаналары күйреп, үйдің қабырғалары қарс айрыла бастаған. Тұрғындар жер телімін мемлекеттік актімен заңдастырып алғандарын алға тартады. Құрылыс бастарда бұл маңайдың қауіпті екенін ескерткен жан болмады деп ашынады.

Айта кетейік, биылғы 3 қаңтарда Қошқара ата өзені бойлаған Өтегенов көшесінде су тасқыны орын алған-ды. Нөсерлі жауыннан өзеннің су сыртқа тасып, халықты алқымнан алған болатын. Коммуналдық қызмет саласының мамандары ағын суды реттеу үшін арық атыздарды техникалардың көмегімен жиі тазалау қажеттігін алға тартады. Алайда, арнайы көліктер аулаларға кіре алмайды.

Осылайша оқу-жаттығу кезінде төтеншеліктердің оқыс оқиғаларға дайындығы пысықталды. Мамандар мұндай шаралар көктемгі су тасқынымен күресті нығайта түседі дейді. Ал жергілікті билік өкілдерінің қауіпті аймақтақтың тағдырын қалай шешетіні әзірге белгісіз.