Үш жасар Ақбілекті құтқарған он жасар Мұхамедәлі

Қазығұрттың қырқалы жазығын тілгілеп ағатын Қаржансу өзенін жағалай қоныстанған Қосағаш ауылының 10 жасар тұрғыны Мұхамедәлі батырды бүгінде ел таниды. Тек отбасы ғана емес, ауыл-аймағы мақтан тұтады. Жаңбыр суымен толығып, арнасынан тасыған өзенге еш тайсалмастан қойып кеткен ерлігін жыр қылып айтады. Өйткені ол үш жасар нәрестені аман алып қалды. Бәрін басынан айтып берелік…

2016 жылдың 30 наурызында басталған нөсер жауын келесі күнге жалғасып, сәуірге жетіп бір-ақ тоқтады. Екі күн бойына Қазығұрт аспанына билік еткен ауыр бұлт «барым осы» дегендей желмен бірге жөнеліп кете барды. Дүние жаңарып, сәуірдің алғашқы тәуір күні басталды. Әйткенмен, жай күндері жайылып қана ағатын Қаржансу өзені осы күні арнасынан асып-тасып жатты. Қаржантау жотасының теріскейінен бастау алатын өзенге жылға-жылғамен жылыстаған жаңбыр суы құйып, Қаржансу долы мінезіне басты.

Қосағаштың аз ғана үйінің бар үлкені осы күні ауылдасының жаназасына кетіп, ауылда тек бала-шаға қалады. Жаңбырдан кейін бусанған жерде қозықұйрық қаулайды. Осыны білетін кішкентайлар 1 сәуірдің түс әлеуетінде бірін-бірі жетектеп, адырға шығып кетеді. «Қозықұйрық тереміз» деген бүлдіршіндер ойын қуалап, ауылдан алыстайды. Алты жасар ағасына жармасып, адырға шыққан Ақбілек арнасы толы өзеннің жағасына тым жақындап кетіп, опырылған топырақпен бірге суға ағып кете барады.

Мұхамедәлі, жас құтқарушы, судан құтқарған
Ақбілек

Қарындасының ағысы қатты өзен суына жұтылып бара жатқанын көрген ағасы жанұшыра айналасынан ересек адам іздеп, аласұрады. Сонау алыста сиыр бағып жүрген Мұхамедәліні көріп, соған жүгіреді.

Жанына аптығып жеткен баланың үрейге толы даусынан үш жасар Ақбілектің суға ағып кеткенін естіген Мұхамедәлі өзенге қарай құстай ұшады.

Мұхамедәлі ҚҰРАҚ, батыр бала:
Жүгіріп өзенге жеткенімде, оның суда ағып бара жатқанын көрдім. Іші үлкейіп кеткен. Өзенді жағалай 50-60 метрдей жүгіріп, жолай аяқ киімімді шешіп, суға түстім. Ақбілек сумен ағып, алдыма келгенде, жағаға алып шықтым. Іші суға толып қалыпты. Кеуде тұсын бастым. Бірінші басқанымда көзін жұмып жатты. Сосын көзін ашқанға дейін бірнеше рет кеудесінен басқанымда аузынан лай су, шөп-шалам, ағаш бұтақтары шықты. Содан кейін есін жиды. Көзін ашқан соң, жылады. Жерден алып, көтерсем, жылағанын қояды. Ал, жерге түсірсем, қайта жылайды. Жанымда алты жасар ағасы жүр еді. Ақбілекті ағасына қалдырып, әкесін шақырып келуге кеттім. Әкесіне айтып, о кісі атпен келіп, қызын ауруханаға алып кетті. Ал, мен үйге қайттым.

Үйіне келген соң, әкесі Ағмен мен анасы Раушанға болған жайтты бастан-аяқ айтып береді. Баласының адам өмірін құтқарғанына қуанған ата-анасы бір жағынан перзенттерінің аман қалғанына шүкірлік етеді. Ертеңіне бұл хабар ауыл-аймаққа таралып, өлкетанушы Сейдалы Дүйсебайұлының да құлағына жетті. Ол фейсбуктегі парақшасында пост жариялады.
Сейдалының бұл фотопостына 6400-дей лайк басылып, 2300-дей репост жасалып, 800-ден астам пікір жазылды.
Осылайша, «Қосағаш» орта мектебінің 4 сынып оқушысы Мұхамедәлі әп сәтте Бүгіннің батыры атанды.

«Кеудеге жиналған суды шығаруды «Салауаттану» сабағынан үйрендім»

«Кеудесінен басып, су шығаруды мектепте апайларым үйреткен. Мектепте «салауаттану» сабағы болады. Содан көріп, оқып үйрендім. Кинолардан да көргенмін» деген жас батыр суы тасыған арнаға түсуден еш қорықпағанын айтады.
— Өзенде су көп әрі суық еді. Сонда да еш ойланбастан суға түсіп кеттім. Қорыққан жоқпын. Өйткені, бар ойым – оны судан құтқарып алу болды. Құтқаратыныма сендім. Кейін судан шығарып алған соң суға қарасам, су қап-қара екен, сонда қорықтым, — дейді жымиып.
Ауылдастары бір жағынан Мұхамедәлі ерлік жасады деп, екінші жағынан аман қалғанына қуанады. Сынып жетекшісі Әлима Әмірсейітқызының: Суға кеткен адам жанына құтқарушы барғанда жармасып ұстап алып, суға тартып кететін жағдайлар болады, саған сөйтті ме, деген сұрағына,
— Жоқ, апай, ол біреуді ұстайтындай шамада емес еді. Ағаш сияқты су бетінде қалқып келе жатты. Кей иірімдерге келгенде суда айналып кетті, деп жауап берді.

Мұхамедәлі, жас құтқарушы, судан құтқарған
Әлима Дуанақұлова

Әлима Дуанақұлова, сынып жетекшісі:
— Мұхамедәлінің болмысын айтар болсам, «Адамның есімі Алладан беріледі» дейді ғой. Сыныпта әр оқушының есімін талдағанымда, Мұхамедәлінің есіміндегі әр әрпіне: «М» — мерейлі, «ұ»- ұқыпты, «х» — хабаршы, «а» — айбарлы, «м» — мықты, «е» — ер, «д» — дос, «ә» — әлді, «л» — лепті, «і» — ізденімпаз жігіт, деп талдау жасаппын. Мұхамедәлінің атына жазған мінездемді ақтағанына өте қуаныштымын. Өзі төртінші сыныпта оқитын бала үш жасар қызды құтқарып қалғанын естіген кезде көзіме жас алдым. Мектепте «Салауаттану», «Өмір қауіпсіздігі» сияқты пәндер оқытамыз. Суға кеткен адамға алғашқы көмек көрсетуді үйретеміз. Мұхамедәлі соның бәрін ұғынып алғандықтан, төтенше жағдай кезінде ересек адам сияқты іс-әрекет жасаған.

Мұхамедәлі «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» марапатына ұсынылды

Көршілері Мұхамедәліні өте қамқор, малға жақсы қарайтын бала, деп сипаттайды. Көршілерінің малы далада төлдеп қалса, төлін үйлеріне апарып береді екен. Тіпті адырда сиыр бұзаулайын деп жатса, соны бұзаулатып, иесінің үйіне жеткізіп берген.

Өзінен үлкен ағасы, екі әпкесі мен бір қарындасы бар Мұхамедәлі қарапайым отбасынан шыққан. Әкесі Ағмен Сманов — комбайншы, анасы Раушан Сманова – үй шаруасында.

Мұхамедәлі, жас құтқарушы, судан құтқарған
Мұхамедәлінің ата-анасы, бауырлары

Ал, үш жасар Ақбілек Серікбай болса, ауруханадан шығып, үйіне келіп, асыр-салып ойнап жүр.
— Өзім үйде ешқайда қозғала алмай жатыр едім. Себебі, 10 күн бұрын ғана төртінші қызымды босандым. Ал Ақбілек — екінші қызымыз. Балалар жүгіріп келіп, қызымның тұншыққанын айтқанда, қатты шошып кеттім. Ал қазір жағдайы жақсы. Көршіміздің баласы Мұхамедәліге алғысымыз шексіз. Ол — өте жақсы бала,-дейді Ақбілектің анасы Маржан Ақтекеева.
Айтпақшы, Мұхамедәлінің елге жайылған ерлігін аудан басшылығы ескеріп, велосипед сыйлады. Облыстық Төтенше жағдай департаменті «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» атты ведомстволық марапатқа ұсыныпты.
P.S:Газет беттеліп жатқан тұста Мұхамедәлінің Астанаға аман-есен жеткені, сондағы республикалық «Хабар» телеарнасының «Біздің үй» бағдарламасына түскені туралы хабар келді. Бұған қоса сол «Қазақстан« ұлттық арнасының «Таңшолпан» таңғы бағдарламасына шақырылған. Осы жылдың 19 тамызында 10 жасқа толатын Мұхамедәліні Астанаға әкесі Ағмен Құрақ пен «Қосағаш» орта мектебінің директоры Қасымсейіт Дуанақұлов алып кеткен болатын.

Жәнібек НҰРЫШ