//
Жаңалықтар 

Ұстаздар мектеп бағдарламасына ұлттық ойындарды енгізуге дайындықты бастап кетті

Мектеп бағдарламасындағы дене шынықтыру пәнінің жүйесі өзгермек. Енді оған ұлттық ойындар сағаты енгізіледі. Бұл жөнінде облыстық білім басқармасына қарасты аймақтық оқу-практикалық дене тәрбиесі орталығының басшылығы мәлімдеді. Педагогтар көшбасшыларды тәрбиелеу үшін жүйелі жоспар түзуге кірісіп кеткендерін айтады.

Ұлттық ойындарға биылдан бастап тағы бір түрі қосылады. Отандастарымыз үшін ол үлкен жаңалық болары даусыз.

Бейбіт Ыстыбаев, Ғани Сейділдаев, Мұхит Тұрсынов – алаштың өр-намысын арқалаған, бүгінгі батыл “барыстар”. Елбасының жүлдесі үшін “Қазақстан барысына” таласқа түсіп, республикалық турнирдің төрін бағындырғаны есімізде. Балуандар қазақтың ұлттық ойыны күресті меңгеріп, алтын тайтұяқты еншілеу үшін аз еңбектенген жоқ. Есесіне олардың есімі ел арасында әп-сәтте тарады, үлкен құрметке бөленді, бастысы – қазақтың ұттық ойынын төрткүл дүниеге паш етті.

57

Ұлттық ойындарды ұлықтауда күнгейлік спорт саласының орны ерек. Десе де ел аумағындағы еңселі, байрақты бәскелерде басым түсіп, көшбастағанымызбен, оны әрмен қарай дамытуда кенжелеп жатқан жайымыз бар дейді мамандар. Облысымыздағы дене шынықтыру пәнінің мектеп мұғалімдері мұны жұмыла шешудің жолын қарастырып, мәселемен бас қатырдын. Ал салада 40 жылдық тәжірибесі бар №8 мектептің мұғалімі Расиль Байков ұлттық спорт түрінің өңірде өркендеуіне басты кедергілерді тізіп берді.

Расиль Байков
Расиль Байков

Расиль Байков, №8 мектептің мұғалімі: “Ең алдымен материалдық жағын ойластыру керек. Ғимарат, сосын көкпар ойынына жылқы қажет, сайып келгенде оған қарайтын адамдарды алу керек қой. Сосын бізде білікті жаттықтырушы-педагогтар қажет. Осы мәселе қиындық туғызып отыр”.

Мәселеден хабардар облыстық білім басқармасына қарасты аймақтық оқу-практикалық дене тәрбиесі орталығының басшылығы өзекті мәселенің шешімін табуы үшін күнгейде жаңа жоба қолға алынып жатқанын айтты. Сөздеріне сенсек, мектеп бағдарламасындағы дене шынықтыру пәнінің жүйесі өзгермек. Алдағы оқу жылында оған 5 бірдей ұлттық ойындардың сағаты енгізіледі.

Жәнібек Лебаев, облыстық білім басқармасына қарасты балалар мен жеткіншектерге арналған аймақтық оқу-практикалық дене тәрбиесі орталығының басшысы: “Алдағы оқу жылынан бастап тоғызқұмалақ, көкпар, асық ату, аударыспақ, қазақша күрес – 5 ұлттық ойын мектеп бағдарламасына енеді. Бұл үшін қазір жаңа жоспар-бағдарламалар әзірлеп жатыр”.

Мамандардың айтуынша, әрбір сыныпта 9 айдың ішінде кемінде 102 сағат дене тәрбиесі сабағы бар, қазір оның 50 пайызын ұлттық ойындарға бағыттау қажеттілігі туындаған. Сондай-ақ, көшбасшыларды тәрбиелеу үшін педагогтар жүйелі жоспар түзуге кірісіпті. Алдымен әдістемелік кітаптарды жинақтап, жаңа кадрлардың біліктілігін арттыруға бет бұрғанын айтады.

Тағы да оқитындарыңыз

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz