Бәйдібек ауданында бокстан халықаралық турнир өтті

603

Таяуда Бәйдібек ауданының орталығы Шаян ауылында Ұлы Отан соғысының ардагері Өтебай Байқараұлын еске алуға арналған бокстан халықаралық турнир өтті.

2000-2005 жылғы жасөспірімдер арасында өткен турнирде 15 алтын, 15 күміс және 40 қола медаль өз иелерін тауып, үздік былғары қолғап шеберлеріне демеушілердің сыйлықтары мен алғыс хаттар тапсырылды.

Айта кету керек, турнирге Қырғызстаннан 3 команда, еліміздің Орал, Ақтау және Атырау қалаларынан 2 команда, Алматы, Тараз және Оңтүстік Қазақстан облысынан 149 жас боксшы қатысып, бақ сынаған болатын.

Жалпы, Бәйдібек ауданында бұқаралық спорт жылдан жылға дамып келеді. Мәселен, аудан әкімінің қолдауымен биыл Жамбыл, Боралдай, Кеңестөбе және Шардара ауылдық округтерінен спорт мектептері ашылып, ел игілігіне берілді. Бүгінгі таңда аталған мектептерде 68 бапкер спорттың 8 түрі бойынша 2000-нан астам баланы жаттықтырып келеді.