Сапарбек Тұяқбаев: «Мақта зиянкестеріне дайын болуымыз керек»

510

Таяуда облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев Мақтаарал ауданында болып, ондағы шаруалармен кездесті. Мақта еккен қожалық иелерімен болған жиында облыс деңгейінде өсімдікті қорғау, оның ішінде зиянкестерге қарсы күрес бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесімен танысты.

Бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан облысында 109 мың гектар жерге шитті мақта егілсе, соның 83 мың гектары Мақтаарал ауданына тиесілі. Мақта көбелегі мен өрмекші кенесінен егістікті қорғау мақсатында қазіргі таңда қауіпті аймақ деп саналған 56 мың гектар жерге биологиялық тәсіл қолданылып, жұмыстардың бірінші кезеңі аяқталған. Жұмысты жалғастырудың екінші кезеңі алдағы 1-2 аптада басталады.

Сапарбек Тұяқбаев: "Мақта зиянкестеріне дайын болуымыз керек"

Биотәсіл қолданған шаруаларға алдымыздағы аптадан бастап субсидия беріле бастайды. Еске салайық, өткен жылы аталған тәсіл ондағы 36 мың гектарға қолданылған болатын.

— Ауа райына байланысты басқа жылдарға қарағанда биыл қауіп-қатер деңгейі жоғары деп болжам жасаған болатынбыз. Дегенмен, биотәсіл арқылы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қазір жағдай тұрақты, ешқандай қауіп-қатер жоқ, — деді Сапарбек Тұяқбаев. — Десе де, зиянкестердің белсенділігі 20 шілдеден бастап артады деп болжамдасақ, біз соған дайын болуымыз керек. Болжам орталығы өрмекші кенесі бойынша 15 мың гектарда, көсек құрттары бойынша 28 мың гектарда қауіп бар деген ақпарат берген. Бірақ алдын алу шараларын уақтылы қабылдағанның нәтижесінде биылғы болжам алаңы одан да аз болуы керек. Бұған қарамастан, дайындығымызды жасап, қажетті дәрі-дәрмек пен техниканың барлығы 15 шілдеге дайын тұруы керек. Қажет болған жағдайда тиімді ұйымдастыру жұмыстарын жүргізетін боламыз.

Айта кету керек, облыс деңгейінде жыл басынан бері уыл шаруашылығы саласында ғылым мен жаңа технология кеңінен қолданылып, оның ішінде өсімдік қорғау бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда.