Кентауда ядролық полигон құрбандарына ескерткіш ашылды

465
Кентауда ядролық полигон құрбандарына ескерткіш ашылды

Кентау қаласында Семей полигонында әскери борышын өтеген азаматтардың құрметіне арналған ескерткіш ашылды. «Асар» қоғамдық ұйымының бастамасын әкімдік мен жергілікті кәсіпкерлер қолдаған. Енді ескерткіш маңына жиналған жастар аға буынның ерлігін сөз етіп, өнеге алатын болады.

Кентауда ядролық полигон құрбандарына ескерткіш ашылды

Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 25 жыл толды. Өткеннің жаңғырығы жадында сақталған жандар жыл сайын бас қосады. Бұл жолы өздеріне арналған ескерткіштің кенді шаһарда ашылатынын естіп, келгендер көп болды. Маңызды стратегиялық объектіде әскери борышын өтеген сол кездегі сарбаздарға құрмет көрсетілді.

Ядролық жарылыстың қасіретін ұмыту мүмкін емес. Оның зардабын көрген мыңнан астам кентаулық сарбаздың 392-і мүгедек. Олар дүниеден озған қаруластарының есімдерін гранитті тақтайшаға қашап жаздырып, өшпес ерлігін өскелең ұрпаққа жеткізуді ұйғарыпты.

Еске алу шарасы барысында Отан алдында әскери борышын өтеген азаматтарға мерекелік медаль табысталды. Үкімет тарапынан жердемақы алатын бұл әскерилер өздеріне аударылған көңілге разы болып тарқасты.

Айта өтейік, 1949-1989 жылдар аралығында қазақ жерінде 500-ден астам жарылыс болған. Соның салдарынан 300 мың шаршы шақырымдай жер радиациямен ластанып, миллионнан астам адам зардап шекті. Бұл қасіреттен 25 жыл бұрын құтылған Қазақ елі өзгеге үлгі көрсетіп, ядросыз болашақты таңдады. Бірақ, зұлматтың зардабын тартқандарға аса көңіл бөлініп отырған жоқ. Мардымсыз жәрдемақы, мүмкіндігі шектеулі сарбаздардың шығынын өтей алмай келеді…