«Қазақстанның үздік тауары» байқауына 135 кәсіпорын қатысты

511
«Қазақстанның үздік тауары» байқауына 135 кәсіпорын қатысты

Оңтүстік Қазақстан облысында өткен «Қазақстанның үздік тауары» көрмесіне биыл 135 кәсіпорын қатысты. Онда жеңіл тамақ өнеркәсібінен бастап машина жасау, құрылыс, фармацевтика, тоқыма мен қолөнер шеберлерінің туындыларына дейін ұсынылды.

«Қазақстанның үздік тауары» байқауына 135 кәсіпорын қатысты

Бұл күні елімізге әйгілі, алкагольсіз сусын шығаратын «ВизИТ», «Бал текстиль» және «Назар текстиль» кілем фабрикалары, «Карлскрона» сорғыш шығаратын зауыт пен «Стандарт цемент» зауыттары, «Ордабасы құс» күрке тауық фабрикасы, костюм тігетін «Golden Nomad» кәсіпорны және т.б. ірі кәсіпорындар өз тауарларын ортаға салды. Сонымен қатар шағын және орта бизнес өкілдері де өздерінің тауарларын ала келді.

Оңтүстікте шығарылатын тауарларды халыққа таныту, кәсіпкерлерді ынталандыру және орта және шағын бизнесті дамыту мақсатында өткен шараны ОҚО кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырды. Іс-шара барысында үздік тауар өндірушілері сынға түсіп, тауар таңбалары қолданыстағы ерекшеліктеріне қарай үш номинация бойынша іріктелді.

«Қазақстанның үздік тауары» байқауына 135 кәсіпорын қатысты

Сонымен, «Халық тұтынатын үздік тауарлар» номинациясы бойынша «Азала Текстиль» ЖШС үздік атанды. Компания жылына 2800 тоннадан астам иірілген жіп, 13 млн шаршы метр мата, 2 млн төсек-орын тысы жиынтығы мен 7 млн шаршы метр түкті өнім шығарады.

Ал ІІ, ІІІ орындарды шұлық өнімдерін шығаратын «Әлем БТ» фабрикасы мен кілем шығаратын «Назар текстиль» компаниясы иеленсе, «Карлскрона» сорғыш зауыты «Өндірістік бағыттағы үздік тауар» номинациясы бойынша марапатталды.

«Қазақстанның үздік тауары» байқауына 135 кәсіпорын қатысты

Осы номинация бойынша 2-орын терезе және витраждарға арналған ПВХ-профильдер шығаратын «Триумф ММС» зауытына бұйырды. Ал 3-орынға «Батсу Водоканал» кәсіпорны лайық деп танылды.

«Үздік азық-түлік тауары» номинациясы бойынша бірінші орынды макарон өнімдерімен әйгілі «Барыс-2007» иемденсе, «Амангелді», «Ладушки» кондитерлік дүкендер желілері ІІ және ІІІ орындарды алды.

«Қазақстанның үздік тауары» байқауына 135 кәсіпорын қатысты

Жалпы, конкурс барысында 18 кәсіпорын «Өндірістік мақсаттағы тауарлар» үздік атануға тырысса, 15 компания «Халық тұтынатын үздік тауар» өндіруші номинациясы бойынша көрмеге қатысты. Ал 20-дан астам қатысушы «Үздік азық-түлік тауары» номинациясының иегері атануға тырысқан.

Сондай-ақ, «Халық таңдауы», «Жыл серпіні», «Жыл бренді», «Әлеуметтік маңызы бар стартап» номинациясы бойынша да үздіктер анықталды. Бұл сатыда химиялық қоспасыз, табиғи емдік шөптерді, солардан жасалған жақпаларды даярлайтын «Асыл арман», «Еврокристалл» шыны зауыты және химиялық тазартқыш өнімдерімен танылған «Көркем дос», сондай-ақ, фитошайларды әзірлейтін «Фитофарм» компанияларының басшылары алғыс хаттармен марапатталды.

Аталмыш шараның тағы бір ерекшелігі – мұнда келген тұрғындар отандық өнімдермен танысып қана қоймай, жеңілдетілген бағамен тауарларды сатып алу мүмкіндігі берілді. Келушілерге лоторея ойындары ойнатылып, келген қонақтар бағалы сыйлықтар алды.

Кәсіпкерлердің пікірінше, «Қазақстанның үздік тауары» жобасы сапа мен жоғары талғамның белгісі болатынына сенімді. Бұл жоба кәсіпкерлерге өз ісін әрі қарай қарыштап дамыту мен инвесторлар тартуда зор көмек болмақ.

Ал І орын алған кәсіпорындар қараша айында Астана қаласында өтетін «Қазақстанның үздік тауары» конкурсына қатысатын болады.