Табиғи газдың қысымы неге төмен

608
Табиғи газ

Қыстың көзі қырауда Шымкентте табиғи газға жарымай отырғандар бар. Әсіресе, қалаға қарасты Пахтакор, Ақжайық, Жоғары және Төменгі Отырар шағынаудандарының тұрғындары тұтынатын көгілдір отынның қысымы төмен.

Табиғи газБұл жағдайдан газ шаруашылығының мамандары да хабардар. Айтуларынша, бұл – жыл сайын аязды күндері болатын жайт. Бірден-бір себебі – жүйеге қосылу талаптарға сәйкес орындалмаған дейді газ таратушылар. Тұрғындары шағымданған аудандарда газ құбырларын жеке тұлғалар өздері қосып алған. Кей жерде құбырдың диаметрі тар болса, енді бір жерде құбырғы сай келмейді дейді Сәкен Исмаилов, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Оңтүстіктегі филиалының бас инженері.

Ең өкініштісі, табиғи газды пайдалануды өрескел бұзу жағдайлары азаяр емес. Осының салдарынан қайғылы оқиғалар орын алуда. Биылдың өзінде газдан уланып қаза болғандар жетерлік. Осы аптаның басында Спорт шағынауданында болған қайғылы оқиға да соған мысал. Мұндағы көп қабатты үй пәтеріндегі рұқсатсыз дербес жылыту қондырғысы талаптарға сай емес орнатылған. Мамандар осылай дейді.