Шымкенттің 3000-нан астам бүлдіршіні ЭКСПО көрмесіне барады

388

Шымкенттің 3000-нан астам бүлдіршіні жазда Астанаға барады. Осындай қуанышты жаңалықты қала әкімі жеткізді. Ғабидолла Әбдірахымов шымқалалық балақайларға жаңа жылдық мереке сыйлап, аяз ата мен қарша қызды өзімен ерте келді.

Бұл кеште шырша шамы да сән-салтанатымен жағылды. Он үш жастағы Жасмин үшін бүгін ерекше күн. Бүлдіршін айтулы күнге анасы екеуі ұзақ дайындалғанын айтады. Туған әке-шешеден көз жазып қалған оны мейірімді жандар аялы алақанына басқан. Жасминнің аяз атаға жеткізуге асыққан басты арманы – ата-анам әрдайым аман болса екен дейді.

Оқушылар сарайына ата-ананың қамқорлығынсыз қалған және тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балалар жиналған. Бүгінгі шырша тойының басты кейіпкерлері де солар. Балғындарды қала басшылары да қуантып, көтеріңкі-көңіл-күй сыйлады. Ал келе жатқан жаңа 2017 жылдың иесі әтеш ЭКСПО-2017 көрмесінің алауын ортаға алып шықты.

Осынау мерекені ұйымдастырған қала басшысы балғындарға ақ тілектерін жеткізді. Ғабидолла Әбдірахымов сөз соңында 3000-нан астам бүлдіршінді келер жылдың басты шараларының бірі – ЭКСПО-2017 көрмесін тамашалауға Астанаға бірге ала кететінін айтып, қуантты.