Úı Jańalyqtar Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Елбасы қабылдауында болды

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Елбасы қабылдауында болды

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебавты қабылдады. Ақорданың баспасөз қызметі осылай деп хабарлайды.

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Елбасы қабылдауында болды

Кездесуде Жансейіт Түймебаев Елбасыға өңірдің өркендеуі мен  2021 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму жоспары туралы баяндады. Нұрсұлтан Әбішұлы өңірдің салық түсімдері көрсеткішінің төмен екенін, өңірдің республика бойынша мейлінше дотациялы болып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ, еңбек нарығын реттеу саласындағы жұмыссыздық мәселелеріне назар аударды.

– Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың үлесі жоғары. Оңтүстік Қазақстан үшін жұмыссыздық пен халықтың көші-қон мәселесі әрқашан өзекті болып қала бермек. Бұл мәселелерді шешу үшін шағын және орта бизнесті одан әрі дамыту қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Шымкенттің таяу келешекте тұрғындарының саны 1 миллион адамнан асатын қалаға айналатынын да атап өтті.

Облыс әкімі Елбасыға «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауда белгіленген мақсаттар мен міндеттерді аймақ тұрғындары жан-жақты қолдап отырғаны туралы мәлімдеді.

Сөз соңында Нұрсұлтан Назарбаев облыс өнеркәсібін, ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы салаларын дамыту, инвестициялық тартымдылығын арттыру жөнінде міндеттерді орындауға бағытталған бірқатар нақты тапсырма берді. 

Айта кетейік, өңірде өндірілген өнімдердің республикадағы үлесі бойынша мақта 286 мың тонна өнімімен — 100%-ға, жүзім 51 мың тн. өнімімен — 68,5%-ға, бақшамен 1264 мың тн өнім өндіріп, 61,0%-ға, ал жылыжайдың жалпы көлемі 1123 гектарға жетіп, 80%-ға, тамшылатып суару әдісі 51 мың гектар болып, еліміздегі үлесінің 72% құрап отыр.

Exit mobile version