Түркістандағы туберкулез оқиғасы селекторлық жиында қаралды

250
Түркістандағы туберкулез оқиғасы селекторлық жиында қаралды

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен аудан, қала әкімдерімен және облыстық басқармалар басшыларының қатысуымен селекторлық мәжіліс өтті. Күн тәртібінде облыстағы ауыл шаруашылығы саласы және  жұмыспен қамту мен кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған бағдарламасының жүзеге асыру барысы қаралды.

Жиында облыс басшысы Түркістандағы арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы  оқиғаға байланысты тиісті сала басшыларының атқарып жатқан жұмыстарын да тыңдады.

Айта кетейік, өткен аптада Түркістан қаласындағы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында ем қабылдап жатқан  61 науқас өкпеқұрты дертін жұқтырып, 3 адамның қайтыс болғаны анықталған болатын. Жұқпалы аурудан үш науқастың  көз жұмуы өте қайғылы оқиға екеніне тоқталған өңір басшысы кемшіліктерге жол берген қызметкерлерге қатысты тексеру тағайындалғанын жеткізді. Құқық қорғау органдары да оқиғаға орай тергеп-тексеру жұмыстарын бастаған. Әзірге келеңсіз жағдайға байланысты аталған мекеме басшылығы жұмыстан босатылды.

– Бұл жағдай әлеуметтік мекемеде орын алды. Сондықтан жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваға қатаң сөгіс жариялансын. Тексеру нәтижесінің қортындысына орай тағы да шара қолданатын боламыз, – деді Жансейіт Түймебаев.

Мұнан соң жиынға қатысушылар ауыл шаруашылығы мәселесін талқылады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Тұрбековтің баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 445 млрд теңгені  құраған. Нақты көлем индексі 104,9 пайызға жетіп отыр.

Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 10,7 млрд теңге тартылған. 2016 жылы саланы қолдауға облыс бюджетінен 32 млрд теңге бөлінсе, биыл оның көлемі 27 млрд теңгені құрап отыр.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия  Темірбаева  соңғы бес жылда 220 905 адам жаңа жұмыс орындарымен қамтылғанын жеткізді.

Облыстағы кәсіпкерлікті дамыту барысы жөнінде  Оңтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асқар Әбубәкіров баяндама жасады. Бағдарлама аясында кәсіпкерлікті дамыту бағыты  бойынша  қатысушылар қатарынан 1440 адам кәсіпкерлік негіздерге оқытылса, 2075 адамды шағын несиелеуге қатыстыру жоспарланған.

Баяндамашыларды мұқият тыңдаған аймақ басшысы күн тәртібінде қаралған әрбір мәселе бойынша сала жетекшілеріне тапсырмалар жүктеді. Әсіресе, Жансейіт Қансейітұлы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және қайта өңдеу кәсіпорындарын құру бойынша жұмыстарды жетілдіру қажеттігін ескертті.

Сондай-ақ облысқа көптеген ірі инвесторлар келіп сүт және ет өнімдері өндірісін дамытуға ниет білдіргенімен, оларды стратегиялық серіктес ретінде ары қарай қызықтыру жұмыстары төмен денгейде екендігін айтты.

Экономикалық индикаторлар бойынша жұмыстардың тиісті деңгейде орындалып, облысқа қаржы тартуда инвесторларға жағдай жасалу қажеттігін атап өтті. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағыты бойынша несиелендіру механизмдерін халыққа кеңінен түсіндіру мақсатында арнайы парақшаларды әзірлеп тарату халыққа тиімді болатынын айтқан облыс басшысы жаңа бағдарламаны іске асыруда кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және жұмыспен қамту басқармаларына бірлесіп үйлесімді жұмыс жүрізуді тапсырды.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі