«Атамекен» Оңтүстіктегі кəсіпкерлікті дамытуды барынша қолдайды

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметовпен кездесті. Жүздесу барысында кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы талқыланып, әкімшілік кедергілерді азайту, өңірде бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасау  жайы сөз болды.

Абылай Исабекұлы өз кезегінде  кәсіпкерлердің жұмысын оңтайландыру және тиімділігін арттыру мақсатында облыс әкімдігімен бірлесе жұмыс істеуге ниетті екендерін жеткізді.

— Елбасы жолдауында айтылған негізгі басымдықтардың бірі – жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту. Жолдау аясында ұлттық палатаның жұмыс жоспары бекітілді. Біздің басты мақсатымыз – халықтың кәсіпкерлікке деген ынтасын оятып, өз қабілетін ашуға жәрдемдесу. Осы мақсатта Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігімен бірлесе жұмыс атқаруға дайынбыз, — деді Абылай Мырзахметов.

Айта кетейік, ұлттық палата басшылығы биыл 11 мың санитарлық-эпидемиологиялық талапты 3 мыңға қысқартқалы отыр. Бұл ауқымды жұмыс 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін жалғасатын болады.

— Елбасы қабылдауында болғанымда өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту жөнінде тапсырма жүктелді. Соған сәйкес өңірімізде кәсіпті дамыту бағытында түрлі мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуын, қаржы-несиелік қолдау саясатын жетілдіру ісі қолға алынып отыр. Бұл ретте біз өңірлік бағдарламалар кестесін түзіп, жүйелі жұмысты бастап жібердік. Алдағы уақытта Оңтүстікте кəсіпкерлікті қолдаудың барлық тетігі іске қосылады, — деді облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы.

Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысында 2016 жылдың қорытындысымен жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 173 770-ке жетіп отыр. Бұл республика бойынша үлесінің  14,6 пайызына жетіп, облыстар арасында бірінші орын.

Облыстағы шағын және орта бизнестің дамуына үлесін қосып келетін кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы бір жыл ішінде  37 232 кәсіп иесіне несиелік қолдау көрсеткен. Сонымен қатар «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы аясында өз ісін бастаймын деген 2 339 азаматқа 6,6 млрд теңге несие берілген.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі