Балет театры бар, бірақ…

632

Опера мен балет – өнердің шыңы. Өнердің осынау асқақ түріне әлем халқы айрықша көңіл бөледі. Елімізде Астана мен Алматы қалаларында балет өнеріне айтарлықтай жағдай жасалған. Алайда Оңтүстікте балет өнерінің дамуы ақсап тұр. Бұған басты себеп – кадр тапшылығы.

Балет – ой мен жан құбылысын қозғалыс, дене қимылымен көрсетеді. Мұнда либретто жазушы сценарист, музыка шығарушы композитор, билерді қоюшы балетмейстер және суретші еңбегі тоғысып, ортақ арнаға саяды. Балеттің арқауы – би мен пантомима. Пантомима – сөзсіз, адам денесінің мәнерлілігімен, мимикамен спектакльдің мазмұнын ашатын театр өнерінің бір жанры.
Облысымызда опера және балет театрының балет труппасында 16 әртіс қызмет етеді. Оның 11-і балет әртісі. Барлығы да Шымкент қаласының орта мектептерінің оқушылары. Балет мектебінің түлектері. Бесеуі М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дің «Хореография» мамандығы бойынша білім алған әртістер.

Өкінішке қарай өңірімізде балет өнеріне әлі де жеткілікті көңіл бөлінбей келеді. Күнгейде бұл өнер түрін дамыту үшін жас талап, жаңашыл мамандар қажет. Алайда оларға жағдай жасалмайтын болғандықтан әлі күнге дейін мықты мамандар келуден бас тартады.

Театрдың бас балетмейстері Рита Хайрушеваның айтуынша, Астана мен Алматы қалаларынан оқу тәмамдаған жерлестеріміз көбіне сол өңірлерде қалады, шетелге кетеді. Өйткені ол жақта әртістерге өте жақсы жағдай жасалынады. Ал бізде жағдай жасалмаған. Айлық аз. Осындай себептердің салдарынан қазір бізде мамандар жетіспейді. Егер балет өнеріне айрықша көңіл бөлінсе үлкен театр құрылады. Бұл – әлемдік практика.

Рита Хайрушева, театрдың бас балетмейстері, ҚР Мәдениет қайраткері:
– Біздің ауылдарымызда неше түрлі өнерлі балалар өсіп жатыр. Оңтүстік – халқы көп өңір. Қазір балетке көңіл бөлініп жатқан жоқ. Егер арнайы интернат ашылып, біз ауыл-ауылдарға барып мықты маман болатын балаларды таңдап алсақ. Оларды оқытып, дайындасақ, керемет болар еді. Келесі онжылдықтың кадрін дайындауға қазір кірісуіміз керек. Өйткені балет – өте күрделі әрі қиын өнер.

Опера және балет театрындағы қойылған балеттердің барлығы балаларға арналған. Театр ұжымы барлық дүниені кеңесе отырып жасайтындарын айтты. Мысалы театр-да балаларға арналған опера жазылмаған. Бүгінгі таңда опера және балет театрының репертурында 3 қойылымы: «Қарлы ханым», «Щелкунчик», «Доктор Айболит» бар.

Театр жанынан ашылған балет студиясы да жұмыс істейді. Онда 40-қа жуық бүлдіршіндер дәріс алады.

Мамандар енді осы студияны ары қарай дамытпақ. Колледж ба, институт па тіпті жоғарғы оқу орнынан кафедра болсын ашып, бұл өнер түрін дамытуына жағдай жасалып, мықты мамандар дайындалғанын қалайды.

Балет студиясына 5-15 жас аралығындағы жасөспірімдерді қабылдайды. Аяғы мықты және майысқыш келетін, билеуде икемі бар жастар алынады. Мәселен, аяқтың ұшымен тұру үшін бір жыл уақыт қажет. Балетті толық меңгеруге
7-8 жыл керек болады. 5 күн бойына 2 сағаттан жаттығу жасайды. Қазіргі таңда студияда 40-қа жуық оқушы тәлім алуда. Айына
5000-6000 теңге төлеп оқиды.

– Қазіргі жастарымыздың көзі ашық, мәдениетті. Біз осы жастарымыз есейгенше жаңа кадр, жаңа спектакль, жаңа үлгідегі дүниелер жасаумыз керек. Бірақ осының бәрі жағдай жасауға кеп тіреледі. Біз шамамыздың келгенінше балет өнерін насихаттап жатырмыз. Әлі де насихаттай береміз. Бірақ балеттің ең ақсап тұрған тұсы кадрдың жоқтығы. Ал мықты кадрді тек жағдай жасап қана ұстай аламыз, – дейді театрдың көркемдік жетекшісі Ерлан Жандарбай.

Ерлан Жандарбай, Облыстық опера және балет театрының көркемдік жетекшісі:
– Біз қазір өз бюджетімізге лайықтап кадрлармен жұмыс жасап келеміз. Жыл сайын кадр мәселесі бойынша басқа жақтағы мықты мамандармен сөйлесеміз. Оларды осында шақырғымыз келеді. Шақырамыз да. Бірақ олар келмейді. Себебі оларға бірінші үй беру керек. Әртістерге жағдай жасалмаса, балет өспейді. Ал біз күніге төрт қызды секірте бергеннен балет шықпайды. Бұны көзі ашық азаматтың бәрі біледі. Дегенмен қолымыздан келгенше тырысып жүрміз. Біздің балет труппасындағы қыздар тек жеке балет қана билемейді. Балет труппасы опералық шығармалардың басым көпшілігінде өнер көрсетеді. Яғни, операның ішінде балетке арнайы музыка жазылған. Композиторларымиыз операның ішінен балет биіне арнайы музыка ендірген. Сондықтан біз балет труппасын екі жақта да қолданамыз. Жеке балетте және операда. Осылайша жоқтан бар жасап үлкен мәдениет көрсетіп жатырмыз. Осы еңбегімізді оңтүстік халқы бағаласа екен.

Балет өнерінің өз көрермені бар. Опера мен балет үлкен тәрбиені қажет етеді. Бұл өнерді сатирамен, драмамен, циркпен салыстыруға келмейді.

Балетке бірінші үлкен көзқарас және айрықша назар аудару керек.

Театрдың балет ұжымы облысымыздың қоғамдық өміріне белсене ат салысып келеді. Арнайы даталарға арналған концерттік бағдарламалардың барлығында театрдың балет труппасы жоғарғы деңгейде өнер көрсетіп жүр.

Жанерке ХУМАР